ТҮРКІСТАН ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының мүшелері Түркістан облысына арнайы келді. Үкіметаралық делегация қаладағы «Сирек жәдігерлер залы» көремесін аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және туристік әлеуеті туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімет берді.

Экспозицияға Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ХІV ғасырдан бері сақталып келе жатқан 100-ден астам құнды жәдігері қойылған. Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында 26 мыңнан астам тарихи мұра сақталса, соның 80 пайызы – түпнұсқа.

ЕЭК өкілдері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, түркі әлемі үшін маңызды тарихи-рухани нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ делегация мәдени-рухани орталықта орналасқан «Керуен сарай» туристік кешенінде болып, әлемдегі теңдесі жоқ ұшатын «Алтын Самұрық» театрын тамашалады.

 

Әлемде 8D форматында 18 ұшатын театр болса, ТМД елдері бойынша мұндай театр жалғыз Түркістан қаласында ғана бар. 8 D форматтағы әсерлі саяхат арқылы еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісіне сапар шекті.

 

Үкіметаралық делегацияның келуі аймақтың туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізеді.

 

Өткен жылы өңірге 500 мыңнан аса туристер келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,9%-ға өскен. Тарихи орындарға да 1 012 мың адам саяхаттаған. Облыста 265 орналастыру орны туристерге қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңінен 12,7%-ға өскенін көрсетеді.