БАЛАЛЫҚ АРМАННАН ҒЫЛЫМНЫҢ ШЫҢЫНА

Түркістанда көрнекті археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Марат Тұяқбаевтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осыған орай «Сырдария өңірінің археологиялық мұрасы: зерттелуі мен нәтижелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мерейтой иесіне құттықтау хатын жолдап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен Түркістан облысы әкімдігі де ғалымды құттықтауды ұмыт қалдырмады.

 

Марат Қымызұлының «Түркістан шұратының қалалары мен қоныстары (б.д.д. VI ғ. – б.д. XIX ғ.)» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, баяндамалар мен материалдардың жеке ғылыми жинағы оқырманға жол тартты. Сондай-ақ, көпшілік «Балалық арманнан – ғылымның шыңына» атты көрмені тамашалады.

 

Марат Тұяқбаев – отандық археология мен тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан, музей ісінің өркендеуіне сүбелі еңбек сіңірген. Ол саналы ғұмырын Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және қорғауға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арнады.

 

Ғылыми конференцияға Өзбекстан, Ресей, Татарстан, және Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысып, археология саласындағы өзекті мәселелерді сөз етті.  Марат Тұяқбаевтың ғылымға қосқан үлесі жоғары бағаланып, ғылыми қауымдастық тарапынан құрметке бөленді.

 

Мерейтойлық жиын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесе өткізілді.