ТӨРТ СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ордабасы ауданында жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Кездесу барысында вегетациялық кезеңнен кедергісіз өту жолдары талқыланды.
2028 жылға дейін бекітілген саланы дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес, өңірде төрт су қоймасын тұрғызу көзделген:
Құрылысы аяқталуға жақын нысандар: «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс».
Жобалау сатысындағылар: «Иқан-су» мен «Боралдай».
Сонымен қатар, министрлік 3 су қоймасын заманауи талаптарға сай жаңғырту, 3 нысанның техникалық қауіпсіздігін нығайту, 15 коммуналдық нысанды күрделі жөндеуден өткізу. 40 гидротехникалық кешенді толықтай тексеруден өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.
Суармалы жерлерді дамыту
4 су арнасы қалпына келтіріліп, 24,5 мың гектардан астам егістік алқабы сумен қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері оңтүстік өлкелерде 115 каналды жаңарту және 103 каналды автоматтандырылған жүйеге көшіру жұмыстары қарқын алды.
Нұржан Нұржігітов:
«- Климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы мен су қорына тікелей ықпал етуде. Бұл ресурстарды ұтымды пайдаланудың қажеттілігін арттырды. Біздің басты мақсатымыз — инфрақұрылымды жетілдіру арқылы ысырапты азайту», – деді.
Шаруаларға қолдау және бақылау
Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізген аграршыларға көрсетілетін көмекті айтарлықтай арттырды. Атап айтқанда:
Ұңғыма қазу және жабдық алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін өсті.
Түркістан облысында 82 мың гектарға заманауи суару әдістері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделді.
Заңдылықты сақтау:
Судың «заңсыз айналымын» тоқтату үшін Бас прокуратурамен бірлескен «Жол картасы» жүзеге асырылуда. Бұл құжат су ресурстарына аудит жүргізуге және жемқорлыққа тосқауыл қоюға бағытталған.
Жиын соңында министр тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, каналдарды тазалау, субсидиялау мәселелері бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ол облыстың су саласын реттеуге жүз миллиард теңгедей қаралғанын айтты.
