ПРЕЗИДЕНТ АЙТТЫ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ТЕКСЕРДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында салынып жатқан электр стансасының құрылысын тездетуді тапсырған еді. Өңірге арнайы келген Премьер-министр Олжас Бектенов қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысы (БГҚ) базасындағы электр стансасының құрылысымен танысты.

Жоба Ұлттық электр желісінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Жалпы қуаты 1000 МВт болатын 4 газ турбинасы, 4 кәдеге жарату қазандығы және 2 бу турбинасын қамтиды.

Қолданылып отырған бу-газ қондырғысы технологиясы пайдаланылған газ жылуын іске асырып қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл заманауи жылу энергетикасындағы ең тиімді әрі экологиялық таза технологиялардың бірі. Стансаның артықшылығы – оның жоғары маневрлі қабілетінде және желіде тапшылық туындаған жағдайда жетіспейтін қуатты жедел түрде толықтырады.

 

Олжас Бектенов:

«— Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында жаңа қуат көздерін іске қосу бүгінгідей энергияны көп қажет ететін экономиканы дамыту үшін тиісті шарт екенін атап өтті. Тіршілікке қажетті жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және орнықты энергетикалық базаны қалыптастыру – Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі. Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз, өңірдің өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында әлеуеті жоғары. БГҚ жобасын жүзеге асыру оңтүстік өңірге қосымша қуат резервін құруға және энергия жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Салынып жатқан станция өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды элементіне айналып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға негіз болады»,

— деп атап өтті.

 

Үкімет басшысына жобаның ағымдағы жағдайы бойынша мәлімет берілді. «Түркістан БГҚ» ЖШС («Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес ұйымы) басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов нысанның жыл соңына дейін іске қосылатынын айтты. Бас ғимараттағы жобада көрсетілген орындарға генераторлары бар төрт газ турбинасы (Siemens Energy) орнатылған.

Жобаның бас мердігері – қазақстандық және оңтүстік кореялық компаниялардан құрылған консорциум. Құрылыс алаңында 1 мыңнан астам адам және 150 бірлік мамандандырылған техника жұмыс істеп тұр. Электр стансасының негізгі технологиялық жабдықтары толық көлемде жеткізілген. Жоба іске қосылған соң 600-ден астам тұрақты жұмыс орыны ашылады.

Түркістан облысы бойынша электр энергиясын тұтынудың орташа көлемі 445 МВт-ты құрайды, ал ішкі генерация көлемі 136,5 МВт төңірегінде. Жоба қуат тапшылығын толығымен жойып, ең жоғары жүктемелер кезеңінде энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда өткен жылы 123,1 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілді (2024 жылы – 117,9 млрд кВт·сағ). «Текелі энергокешені» ЖШС-да үш газ турбиналық қондырғының құрылысын аяқтау және «Топар басты энергия тарату стансасы» ЖШС-да ескірген турбоагрегатты ауыстыру қосымша 166 МВт қуат өндіруге мүмкіндік берді. Биыл жаңа генерацияны іске қосу арқылы 1980 МВт электр энергиясын қамтамасыз ету және алмастыру аясында 683 МВт қуат енгізу көзделген.

Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірлесіп, барлық төрт газ турбинасын іске қосу мерзімдерін сақтап, экологиялық талаптарды орындауды және желілік инфрақұрылыммен үйлестіруді қамтамасыз етіп, бу-газ электр стансасын уақтылы іске қосуды тапсырды.