ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ БҰЛАҚ БАСТАУЫН ТАЗАЛАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысып, Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазаруға қатысты.

Бұлақтың жалпы ауданы 3,5 гектарды құрайды, аталған бұлақтың тарихы XVII–XVIII ғасырлардан басталады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков алдағы уақытта өңір бойынша 1,5 мыңға жуық бұлақ көзін тазарту жоспарланып отырғанын айтты.

 

«Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы Президенттің үндеуінен кейін басталды. Бірінші кезеңде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан 29 бұлақ тазартылады. Екінші кезең осы жылдың сәуір айында еліміздің өзге өңірлерінде өткізіледі. Акция аясында бұлақ көзін ашу, су жинау, тазарту және абаттандыру, іргелес аумақтарды тазалау, қоқыстар шығару, халықтың экологиялық мәдениеті мен су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі.

Бұлақтар су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз етудің қосымша көзі саналады. «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі бұлақтарды түгендеу жұмыстарын жүргізеді: алдын ала деректер бойынша 711 бұлақ көзі анықталса, мұрағат материалдары бойынша да 2772 бұлақ картасы жасалды.

 

Олжас Бектенов: 

«- Мемлекет басшысының табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі бастамасы азаматтардың қолдауының арқасында Конституция деңгейінде тиісті құқықтық тұрғыда бекітілді. Мемлекеттің міндеті – адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру. «Таза Қазақстан» бастамасы қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіре отырып, жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Бұл — нәтижелі, жасампаз патриотизмнің айқын үлгісі. Бүгінгі таңда акция тек сенбіліктермен және ағаш отырғызумен шектелмейді. «Мөлдір бұлақ» бастамасы табиғи бұлақтар мен су айдындарын қамти отырып, аясын кеңейтуде, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесінің маңызын жалпы қоғамдық деңгейде көтеріп отыр»

— деп атап өтті.