ЕСКЕК ЕСІП

Түркістанда байдарка мен каноэ есуден чемпионат басталды. Ерлер мен әйелдер арасындағы республикалық деңгейдегі жарыс халықаралық ескек есу алаңында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Додаға еліміздің 11 аймағынан 120-дан астам спортшы қатысуда. Бес күнге созылатын сайыста ескекшілер 10 түрлі бағдарламада күш сынасып, үздіктер анықталады. Сонымен қатар, бұл сын Қытайдың Хэфэй қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңі саналады.

Ашылу рәсіміне Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Ғалымжан Худияров және ескек есуден мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Айдарханұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жергілікті жанкүйерлер өз өңірінің спортшылары — Ульяна Киселева, Артем Терещенко, Ольга Шмелева, Полат Төребеков және Раматулла Бекарыстаннан жүлделі орындар күтуде.

Еліміздің таңдаулы ескекшілері жиналған бұл біріншілікте бәсеке жоғары деңгейде өтеді деп күтілуде. Әрбір спортшы ұлттық құрама қатарына қосылу үшін барын салмақ.