ХИМИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ЖОЙЫЛАДЫ

​Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Келес ауданына арнайы іссапармен барып, зиянкестерге қарсы жұмысты үйлестіру штабының кеңейтілген мәжілісін өткізді.

Күн тәртібіндегі басты мәселе — 2026 жылы үйірлі шегірткелерге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу мен алдын алу шараларының кешенді жоспарын талқылау болды.

​Келес ауданы бойынша 143 мың гектар бақылауда.

​Дайындық барысы туралы Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев баяндады. Мамандардың мәліметінше, алдағы кезеңде ауданда жалпы көлемі 143 350 гектар жерді зиянкестерден қорғау үшін химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

​Аумақ 19 секторға бөлініп, жұмысқа АШМ-нің 19 маманы мен жергілікті органның 38 өкілі жауапты болып бекітілді.

​220 анықтаушы маман мен 44 арнайы автокөлік жұмылдырылып, далалық жұмыстар үшін 23 жатын орын әзірленген.

Ең ауқымды жұмыстар Бірлік (44 100 га), Жамбыл (44 100 га) және Бозай (39 600 га) ауылдық округтерінде атқарылады. Сондай-ақ Қошқарата, Біртілек, Ошақты және Ақтөбе округтеріндегі жағдай ерекше назарға алынды.

​Сарыағаш ауданы бойынша 18 сектор бойынша жұмыс істейді.

​Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Талиповтың айтуынша, бұл ауданда 88 600 гектар алқапты химиялық өңдеу жоспарланған. Жұмыс 10 ауылдық округті қамтып, 18 секторға бөлінген. Тиісті техникалар мен анықтаушы топтар бекітілген аймақтарға толықтай бөлінді.

​Мәжілістен соң жұмыс тобы Ақтөбе және Жүзімдік ауылдық округтеріне барып, алқаптардың нақты жағдайын тексерді.

​Жиынды қорытындылай келе, Нұрбол Тұрашбеков бұл шаралардың өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Жауапты сала басшыларына:

​Химиялық өңдеуді кестеге сай, сапалы орындауды;

​Техникалық жабдықтауды бақылауда ұстауды;

​Су көздеріне қатысты туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуды тапсырды.