64 ШАҚЫРЫМДЫҚ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ САЛЫНУДА
Тама-Тастанбек ауыз су жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында жалпы ұзындығы 64 шақырым болатын екі желі қарастырылған. Қазіргі таңда диаметрі 560 мм полиэтилен құбырының 32 шақырымы төселіп үлгерді. Сонымен қатар траншея қазу, құбырларды дәнекерлеу, орнату және қысыммен сынақтан өткізу жұмыстары қатар атқарылуда. Бүгінге дейін 55 камералы құдық орнатылған.
Бұрғылау жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Қазіргі таңда 12 ұңғыма 185 метр тереңдікке дейін толық қазылды. Қосымша 2 ұңғыма 110 метрге дейін бұрғыланып, диаметрі 324 мм қаптама құбыры орнатылған. Ал қалған бөлігінде 168 мм құбырмен 75 метрге дейін бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны – 14 ұңғыма.
Екі бірдей 500 текше метрлік су резервуарының құрылысы аяқталуға жақын. Негізгі бетон жұмыстары толық аяқталып, гидрооқшаулау жүргізілген. Ішкі әрлеу, жылу оқшаулау, желдету және жабу жұмыстары толық біткен. Қазіргі таңда сыртқы аумақты көму және қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, қала аумағындағы резервуарлардың құрылысы да соңғы кезеңге жеткен. Қабырғалары құйылып, ішкі және сыртқы жұмыстар атқарылған. Қазір дренаж жүйесін орнату, желдету және үстіңгі қабатын реттеу жұмыстары жалғасуда.
Сорғы станциясының құрылысы да аяқталуға жақын. Әкімшілік ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кәріз шұңқыры толық салынып бітті. Бақылау-өткізу бекеті мен қоршау жұмыстары жалғасуда.
Скважиналар, сорғы станциясы және резервуарлар арасындағы барлық инженерлік желілер толық байланыстырылған. Құрылыс алаңында 28 техника мен 110 жұмысшы жұмылдырылған.
Жоба толық іске асқанда елді мекен тұрғындары сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, жобаның сапалы әрі уақытылы аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
