ЖӘРДЕМАҚЫ — ҚОСЫМША ҚОЛДАУ ҒАНА

Түркістан облысында әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың санын азайту және оларды тұрақты табыс көзіне бағыттау мақсатында жүйелі жұмыстар күшейтілуде. Бұл бағытта цифрлық отбасы картасындағы «D» және «E» санаттарына енген тұрғындарға ерекше басымдық беріліп отыр. Аталған санаттарға табысы төмен, жұмыссыз немесе әлеуметтік жағдайы аса қиын отбасылар кіреді.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте осы санаттағы азаматтарды қолдау мен жұмыспен қамту тетіктері кеңінен талқыланды. Жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, қаржылай және құқықтық қолдау көрсету мәселелері қаралды.

Нұрбол Тұрашбеков: 

Әлеуметтік көмекке тәуелділікті азайту үшін әр азаматтың нақты жағдайын зерделеу маңызды. Кейбір азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына несие берешегі мен бұғатталған есепшоттары кедергі келтіруде. Осыған байланысты қаржы ұйымдарымен бірлесіп, қарыз жүктемесін жеңілдету, төлем кестесін қайта қарау бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – еңбекке қабілетті азаматтарға мүмкіндік беріп, оларды тұрақты табысқа жеткізу, – деді.

Сонымен қатар, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға жеңілдетілген несие беру, бизнес-жоспар әзірлеуге көмек көрсету, құжаттарды рәсімдеу және жобаларды сүйемелдеу шаралары қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірлік үйлестірушісі Жандос Әзімбай қатысушыларды іріктеу алгоритмін түсіндіріп, әр азаматтың қабілетіне қарай бағыттау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір ашылған кәсіп – жаңа жұмыс орнының көзі.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 36 888 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін кедейлік деңгейін 2,7 пайызға төмендету жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда арнайы құрылған жұмысшы топтар аудан және қала деңгейінде зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Олар жәрдемақының тағайындалу заңдылығы мен негізділігін саралап, нақты мұқтаж азаматтарды анықтауға басымдық беруде.

Жиын қорытындысында Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшылары мен жергілікті әкімдіктерге жұмысты ашық әрі әділ жүргізуді тапсырып, нақты мерзімдер белгіледі.

Жәрдемақы – уақытша қолдау ғана. Тұрақты табыс пен берекелі өмірдің кілті – еңбек пен кәсіпте.