150 ЖЕР ТЕЛІМІ РӘСІМДЕЛУДЕ
Түркістан облысында жалпы аумағы 1 961,3 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Қазір іске асып жатқан жалпы құны 132,3 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба аясында 6 001 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Бүгінгі таңда 59,8 млрд теңгенің 55 жобасы іске қосылып, 3 454 адам тұрақты жұмысқа тартылды. Ал қалған 72,6 млрд теңгеге бағаланған 43 жоба толық жүзеге асқанда тағы 2 547 адамға жұмыс табылады.
Кезекті апталық аппараттық мәжілісте индустриялық аймақтардың қазіргі жағдайы талданып, негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдары талқыланды. Облыс әкімі хаттамалық тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындамаған аудан және қала әкімдерін сынға алды.
Нұралхан Көшеров:
– Біздің мақсатымыз – инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және халықты жұмыспен қамту. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі әрі нәтижелі жүргізуді талап етемін. Жұмысты жандандырып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Жер және инфрақұрылым мәселесін жедел түрде шешуді тапсырамын. Инвесторларды тарту, жаңа әрі нәтижелі жобаларды орналастыру жұмыстарын күшейтіңіздер, – деді.
Индустриялық аймақтарда жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, құрылыс индустриясы, пластмасса өнімдерін шығару, машина жасау, металлургия, металл бұйымдарын өндіру және жиһаз шығарылуда. Өткен жылы 26,2 млрд теңгенің өнімін өндірілген. Бюджетке түскен салық көлемі 1,7 млрд теңгені құрады. Инфрақұрылым жүргізуге 12,4 млрд теңге жұмсалып, бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 10,7 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде «Түркістан-2» индустриялық аймағы құрылып, 150 гектар жер телімі рәсімделуде. Жиында индустриялық аймақтарда туындаған бірқатар өзекті мәселелер қаралып, оларды шешу тетіктері айқындалды.
