ЗАҢСЫЗ ҚАЗБАУ ҚАЖЕТ

Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 221 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олар 75 келісімшарт және 146 лицензия негізінде қызмет атқарады. Өткен жылы аталған сала субъектілерінен облыстық бюджетке 9,1 млрд теңге көлемінде түсім түскен.

Аймақта лицензиялары тоқтатылған және игерілмей жатқан учаскелерге түгендеу жүргізіліп, оларды мемлекет меншігіне қайтару мақсатында арнайы комиссия құрылған. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралды.

Облыс әкімі жауапты сала басшыларына заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы күресті күшейтіп, экологиялық қауіптердің алдын алу шараларын жандандыруды тапсырды.

Нұралхан Көшеров:

– Жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол бермеу – басты міндеттердің бірі. Мобильді топтардың жұмысын күшейтіп, өзен-көлдер мен карьерлерге тұрақты бақылау орнату қажет. Барлық жұмыс заң талаптарына толық сәйкес жүргізілуі тиіс, – деп атап өтті.

Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 35 жер қойнауын пайдаланушының 123 мың гектар, ал 2026 жылдың басынан бері 3 пайдаланушының 501 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылған.

Жалпы, өңірдегі 221 жер қойнауын пайдаланушының учаскелеріне жүргізілген талдау нәтижесінде 98 жер телімі рәсімделгені, 123-і рәсімделмегені анықталған. Осыған байланысты жер телімдерін заңдастыру бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілді.

Заңсыз пайдалану фактілері бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Аудан және қала әкімдіктері 28 жер қойнауын пайдаланушының жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім қабылдады. Құжатсыз жұмыс істеген 95 пайдаланушыға акт толтырылып, уәкілетті органдарға жолданған.

Сонымен қатар 13 хабарлама беріліп, 6 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 1 тұлғаға 1,2 млн теңге айыппұл салынды. Өткен жылы 226 рейд ұйымдастырылып, 342 жүк көлігі мен 47 арнайы техника айыптұраққа қойылған. 74 әкімшілік іс бойынша 16,8 млн теңге залал есептелді.

Биыл 40 рейд өткізіліп, 60 техника тоқтатылды. 5,1 млн теңге көлемінде залал анықталған. Қазіргі таңда заңсыз қазба жұмыстары жүргізілген 22 «қызыл нүкте» белгілі болды. Оның ішінде 15-і жеке меншік, 7-і жайылым жер. Аталған учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары басталды.

Жалпы заңсыз әрекеттерден келген залал көлемі 558,4 млн теңгені құрап, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 51 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 40 іс бойынша 5,1 млн теңге көлемінде экономикалық залал есептеліп, Экология департаментіне жіберілген. 29 іс бойынша 1,9 млн теңге айыппұл салынды.

Рейдтік іс-шаралар барысында 64 жүк көлігі мен 6 арнайы техника айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар жол қозғалысы талаптарын бұзғаны үшін 2190 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 17,6 млн теңге айыппұл өндірілген.

Жалпы, өңірде жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу, табиғатты қорғау және заң талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.