АМАЛЫН ТАПҚАН СОҢ…
Түркістан облысында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының барысын бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс ауданындағы арнайы штабқа барып, жауапты мекемелердің есебін тыңдады.
Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Қуандықтың мәліметінше, 2026 жылы зиянкестерге қарсы 91 100 гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Өңдеу аумақтары 17 секторға бөлінген. Анықтаушы мамандарға қажетті жағдай жасалып, әр секторды сумен қамтамасыз ету үшін 52 су көзі белгіленген. Сонымен қатар, 17 су тасымалдаушы көлік қарастырылып, 112 бүріккіш техника жұмылдыру көзделіп отыр.
⚡️»Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Түркістан облыстық филиалының басшысы Нұрлыбек Біләлбеков өңірдегі ахуалға тоқталды. Қазіргі таңда Арыс қаласында 8 секторда 19 ошақ тіркелген. Сарыағаш ауданындағы 12 секторда дернәсілдердің жер бетіне шыққаны анықталған. Ал Келес ауданында барлық секторларда белсенділік байқалады.
⚡️Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Акмуратовтың айтуынша, ауданда 47 мың гектар жер зерттеліп, оның 26,3 мың гектарын өңдеу жоспарланған. Үш сектор белгіленіп, жауапты мамандар бекітілген. Жер иелеріне ескерту хабарламалары таратылып, ошақтар тұрақты бақылауға алынған.
Нұрбол Тұрашбеков жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдарына, жайылым пайдаланушыларға және мал иелеріне жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстары туралы алдын ала хабарлау қажет. Сонымен қатар, барлық жұмыстарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң бақылауда болуы тиіс.
Нұрбол Тұрашбеков:
– Әр сектор бойынша күнделікті мониторинг жүргізіліп, техника мен жұмыс күші толық есепке алынсын. Жұмыстың нәтижесі уақытылы штабқа баяндалып отыруы қажет. Анықтаушылардың қауіпсіздігі бірінші кезекте қамтамасыз етілсін. Химиялық препараттарды қолдану нормалары сақталып, бұл бағыттағы бақылау үздіксіз жүргізілуі тиіс, – деді.
Сондай-ақ мобильді топ жетекшілеріне белгіленген аумақтарда тұрақты бақылау ұйымдастырып, атқарылған жұмыстар туралы жедел ақпарат ұсыну тапсырылды. Амалын тапқан соң, күресті атқару керек.
