АЙНАЛМА ЖОЛ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында Сарыағаш қаласын айналып өтетін жаңа автожолдың құрылысы басталды. Республикалық маңызы бар бұл жоба көлік инфрақұрылымын дамытуға, жүк және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жол іске қосылғаннан кейін өңірдің транзиттік әлеуеті күшейіп, көптен бері көтеріліп келе жатқан көлік жүктемесі мәселесі шешіледі.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Сарыағаш өңірі Орталық Азиядағы маңызды транзиттік бағыттардың бірі саналады. Қазіргі екі жолақты жол тәулігіне 3 мың көлікке есептелгенімен, бүгінде бұл көрсеткіш 18–20 мыңға жеткен. Соның салдарынан кептеліс пен жол-көлік оқиғалары көбейген. Жаңа жоба осы түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді.

Айналма жолдың жалпы ұзындығы – 102,6 шақырым. Оның 43 шақырымы Сарыағаш ауданында, 58,6 шақырымы Келес ауданында орналасады. Жол төрт жолақты болады және тәулігіне 13,5 мың көлікке қызмет көрсетуге арналған. Құрылысты 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 204 млрд теңге. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен жүзеге асырылады.

Жоба аясында 8 жолайрық, 2 теміржол өткелі, 22 көпір, 21 арнайы өткел, 4 демалыс алаңы, 223 су өткізгіш құбыр, 26 автобус аялдамасы, 4 жаяу жүргіншілер өткелі, 21 мал және ауыл шаруашылығы техникасына арналған өткел және 1 жол-патрульдік бекет салынады.

Жаңа жол пайдалануға берілген соң Мақтаарал, Жетісай, Шардара бағыттарындағы қозғалыс жеңілдеп, халықаралық транзит сапасы артады.

Жалпы, өңірде жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 863 шақырым жол жөнделсе, биыл 1138 шақырым жолды жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін жыл соңына дейін іске қосу көзделіп отыр.