ТҮРКІСТАН ТӘЖІРИБЕСІ ЕЛГЕ ЕНГІЗІЛМЕК

Қазақстанда өңірлік өндірісті дамытуға бағытталған тың бастамалардың бірі – Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктер тәжірибесі өз тиімділігін көрсетіп, енді оны өзге облыстарда да енгізу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған.

Аталған мәселені жан-жақты талқылау үшін Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 40-қа жуық делегация Түркістан облысына арнайы келді. Іссапар барысында олар өңірдегі өндірістік инфрақұрылыммен танысып, іске асырылып жатқан жобалардың барысын зерделеді.

Делегация мүшелері Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркіне барып, ондағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып суғару жүйелерін өндіретін «BNK Group», жиһаз шығаратын «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыштар жасайтын «UBC Group» кәсіпорындары назарға алынды. Бұдан бөлек, «Иассы», «Ескі Иқан», «Дәморда» және «Қарашық» шағын өндірістік алаңдарының құрылысы да көрсетілді.

Сапар соңында қатысушылар Түркістан облысында қалыптасқан тәжірибеге жоғары баға беріп, мұндай өндірістік алаңдардың ашылуы шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретінін және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті.

Бүгінде барлық аудан-қалаларда жалпы аумағы 214 гектарды құрайтын 25 шағын өндірістік парк құрылып, 258 өндірістік нысанның құрылысы жүргізілуде. Онда құны 192 млрд теңгеге жететін 251 жоба бойынша келісімдер жасалған.

Жоспарға сәйкес, аталған өндірістер іске қосылғанда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын шамамен 96 млрд теңгенің импортты алмастыратын өнімі өндірілмек.