ИНВЕСТИЦИЯҒА ЖАҢА СЕРПІН: ТҮРКІСТАНДА КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕДІ
Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту бағытында маңызды қадам жасалды. «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, Арнайы экономикалық аймақ және Индустриялық аймақ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған келісім тараптардың бірлескен жұмысын жүйелеп, бизнес бастамаларды қолдау мен инвестициялық жобаларды іске асыруға нақты бағыт береді.
Құжатқа сәйкес, өңірге келетін кәсіпкерлер мен инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бизнес-идеяларды пысықтау, жоспар әзірлеу, жобаларды сүйемелдеу және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары толықтай «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізіледі. Ал өндірістік нысандарды орналастыру үшін жер телімдері Арнайы экономикалық және Индустриялық аймақтар арқылы ұсынылып, жобалардың қысқа мерзімде жүзеге асуына жағдай жасалады.
Бұл бастама өңірде жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашып, шағын және орта бизнестің дамуын жеделдетуге ықпал етеді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік кеңейеді. Сонымен қатар жергілікті өнім көлемі артып, ішкі нарық сапалы тауарлармен қамтамасыз етіледі, бұл өз кезегінде бағаның тұрақталуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізеді.
