ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДАМУЫНА БҰҰ ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Халық санының тұрақты артуы, өндіріс көлемінің ұлғаюы, жаңа инфрақұрылымдық нысандардың бой көтеруі, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы және кәсіпкерліктің қарқынды дамуы өңірдің әлеуетінің жоғары екенін айқын көрсетеді. Облыста жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарымен үндесіп, экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттілік және экологиялық тепе-теңдікті қатар қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы бағыттағы жұмыстарды халықаралық деңгейде талқылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат, инвестициялық жобалар, экологиялық тұрақтылық, гендерлік теңдік және азаматтық қоғамды қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

Кездесу барысында Ертай Алтаев Түркістан облысының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың нақты нәтижелерін таныстырды.

– Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына ерекше мән береді. 2026 жылғы 1 наурыздағы мәліметке сәйкес, облыс халқының саны 2 миллион 146,7 мың адамға жетті. Оның ішінде 545,1 мың адам немесе 25,4 пайызы қалаларда, ал 1 миллион 601,6 мың адам немесе 74,6 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Біз экономикалық өсімді әлеуметтік әділеттілікпен ұштастырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасауға бағытталған кешенді саясат жүргізіп келеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 119,4 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының жоғары қарқынмен дамып жатқанын және мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижесін аңғартады.

Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары аймақтардың бірі саналады. Өңірде өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, логистика және қайта өңдеу салаларында ондаған ірі жобалар іске асырылуда. Инвестициялық бастамалардың басты артықшылығы – жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықты тұрақты жұмыспен қамту. Әсіресе ауылдық жерлерде жүзеге асқан кәсіпорындар мыңдаған азаматтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруде. Жаңа өндірістердің ашылуы жастардың туған жерінде еңбек етіп, кәсіби дамуына жол ашып отыр.

Инвестиция көлемінің артуы бюджет кірістерін ұлғайтып қана қоймай, жаңа мектептер, медициналық мекемелер, жолдар, инженерлік желілер және әлеуметтік нысандар салуға негіз қалайды. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, Түркістан облысының ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік іргетас қалыптастырады.

Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өңірде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, жасыл энергетиканы дамыту және қоршаған ортаны қорғау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар болашақ ұрпаққа қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар көші-қон және интеграция мәселелері талқыланды. Облыста азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық келісімді нығайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жиында гендерлік теңдік мәселесі де кеңінен сөз болды. Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары өңір. Бүгінде облыста 400 мыңнан астам отбасы бар. Көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі осы өңірде тұрады.

Қазіргі уақытта облыстағы 5 611 мемлекеттік қызметшінің 1 572-сі немесе 28,1 пайызы – әйелдер. Оның ішінде 233 әйел басшылық лауазымдарды атқарып келеді. Бұл әйелдердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Әйелдер қауымы өңірдің барлық саласында белсенді еңбек етуде. Түркістан облысында шамамен 210,3 мың кәсіпкер тіркелген болса, олардың 91 мыңнан астамы – әйелдер. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 43,1 пайызында әйелдер жетекшілік етеді. Бұл көрсеткіш әйелдердің экономиканың дамуына қосып отырған үлесінің зор екенін дәлелдейді.

Кездесу барысында азаматтық қоғам институттарын қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бастамалар да талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамның тұрақты дамуына және әлеуметтік үйлесімділікті күшейтуге ықпал етеді.

Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы БҰҰ арнайы баяндамашысының тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасы өңір үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай кездесулер Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге, халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге және тұрақты даму көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға жаңа серпін береді.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

Түркістан облысы бүгінде экономикалық әлеуеті артып, инфрақұрылымы жаңарып, инвестициялық мүмкіндіктері кеңейген, халықтың әл-ауқаты тұрақты түрде жақсарып келе жатқан өңірге айналды. Жүйелі реформалар мен ауқымды жобалардың нәтижесінде облыс Қазақстанның ең жылдам дамып келе жатқан өңірлерінің бірі ретінде өзінің стратегиялық маңызын жылдан-жылға арттырып келеді.