АРДАГЕРЛЕРГЕ СЫЙАҚЫ БЕРУДЕН ҚАЗАҚСТАН ОЗДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаев ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады. Өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстап, арнайы сый-сияпат көрсетті.

Кездесу барысында облыс әкімі ғасыр жасаған ардагердің Отан алдындағы ерлігі мен ел игілігі жолындағы ұзақ жылғы еңбегіне жоғары баға беріп, оның тағылымды өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге екенін атап өтті.

– Сіздердің майдан даласындағы жанқиярлық ерліктеріңіздің арқасында бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізіп отырмыз. Ел үшін еткен ерен еңбектеріңіз бен өнегелі ғұмырыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке, ұрпағыңызға амандық тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.

Айта кету керек, Жеңіс күні қарсаңында Ахмаджан Анартаевқа Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хаты мен 5 миллион теңгенің сертификаты табысталған болатын. Бұл – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрсетіліп отырған айрықша құрметтің нақты көрінісі.

Биыл Қазақстанда көзі тірі соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көлемдегі төлем ТМД кеңістігіндегі ең жоғары әлеуметтік қолдау шараларының бірі саналады. Бұл – мемлекет тарапынан майдангерлердің ерлігіне деген ерекше құрметтің және тарихи жадыны сақтауға деген берік ұстанымның айқын дәлелі.

Өз кезегінде Ахмаджан Анартаев ақсақал көрсетілген зор құрметке ризашылығын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігі, жұрттың амандығы үшін ақ батасын берді.

Ахмаджан Анартаев 1926 жылдың 10 қарашасында Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек еткен. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына алынып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды.

Майдангер Польша жерін азат ету операцияларына және Германия аумағындағы кескілескен шайқастарға қатысып, жауынгерлік тапсырмаларды абыроймен орындады. 1949 жылғы 10 сәуірде туған жеріне аман-есен оралып, зейнет жасына дейін А. Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып еңбек етті.

Ол ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және сегіз мерейтойлық медальмен марапатталған. Бұл марапаттар оның майдандағы батылдығы мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегінің айқын айғағы.

Бүгінде 100 жасқа таяған ардақты ақсақал 4 ұл мен 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған өнегелі қария әулеттің ғана емес, тұтас өңірдің мақтанышына айналған.

Салтанатты кездесу барысында әскери оркестр патриоттық және мерекелік шығармаларды орындап, майдангерге ерекше құрмет көрсетті. Бұл шара ардагерге деген халықтың шынайы ықыласы мен алғысының белгісі болды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі үш ардагері ғана қалды. Олар Сайрам, Сарыағаш және Жетісай аудандарында тұрады. Сонымен қатар өңірде Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген 1 462 азамат және 2 082 тыл еңбеккері бар.

Облыста ардагерлерге тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Биыл соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтарға, тыл еңбеккерлеріне және қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына заңнамаға сәйкес арнайы әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Ардагерлерге көрсетіліп отырған бұл қамқорлық – елдің тарихи жадына, ерлік пен отансүйгіштік құндылықтарына деген зор құрметтің көрінісі. Майдангерлердің батырлығы мен еңбегі қашанда ел жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.