АЛҒАШҚЫ ҚАУЫН РЕСЕЙ НАРЫҒЫНА ЖӨНЕЛТІЛДІ

Түркістан облысының Жетісай ауданында жыл он екі ай тынымсыз еңбек еткен диқандардың маңдай тері ақталып, алғашқы қауын өнімдері жинала бастады. Берекелі өңірдің шаруалары ерте піскен тәтті қауындарын Ресей Федерациясына экспорттап, өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруда. Бұл – аудан еңбеккерлерінің табанды жұмысы мен аграрлық саладағы жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі.

Биыл ауданда жалпы 79,2 мың гектар суармалы жер игерілуде. Оның 44 мың гектарына мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектарына бақша дақылдары орналастырылған. Сонымен қатар, 7,5 мың гектарға дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс дақылдары және 6,4 мың гектарға жоңышқа егілді. Бұл көрсеткіштер ауданның ауыл шаруашылығы саласында жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын аңғартады.

Қазіргі таңда бақша дақылдарының ішінде қауыннан алғашқы өнім алына бастады. Жетісай ауданының тұрғыны, тәжірибелі шаруа Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері жер өңдеп, диқаншылықпен тұрақты түрде айналысып келеді. Оның жетекшілігіндегі «Әл-Фараби» шаруа қожалығы аудан көлемінде табысты еңбек етіп жүрген алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі саналады.

Шаруа қожалығының иелігінде жалпы 300 гектар жер бар. Оның 260 гектарына мақта егілсе, 40 гектар алқапқа қауын көшеттері отырғызылған. Қожалық жыл сайын ерте пісетін өнім өсіріп, ішкі және сыртқы нарыққа алғашқылардың бірі болып шығуды дәстүрге айналдырған. Биыл да осы үрдіс сақталып, алғашқы қауын өнімдері экспортқа жөнелтілуде.

Қожалық төрағасы егістікке қауынның «Нұр-Бакинка» сұрпын отырғызған. Көшеттер ақпан айының соңында егілген. Әдетте бұл сорт 65 күн ішінде пісіп жетілетін болса, биыл көктемгі жауын-шашынның мол түсуіне байланысты өнім 80 күнде дайын болды. Соған қарамастан, өнім сапасы жоғары, сұраныс тұрақты.

Бүгінде жиналған қауындар Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына жөнелтілуде. Өнім егістік басынан ешқандай делдалсыз тікелей сатылып жатыр. Бір келі қауынның бағасы 650 теңгені құрайды. Бұл – шаруалар үшін тиімді баға әрі еңбектің ақталғанының белгісі.

 

Биыл қауын жылдағыдан сәл кештеу пісті. Дегенмен өнімнің сапасы жақсы, сұраныс жоғары. Аудан әкімдігінің қолдауымен ағын су арналары уақытылы тазартылып, су тапшылығы болған жоқ. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап, өзіміз тікелей тиеп жөнелтіп жатырмыз, – дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.

 

Жетісай ауданында биыл егілген 17,1 мың гектар бақша дақылдарының 14,2 мың гектарын қауын, 3 мың гектарын қарбыз алқаптары құрайды. Өткен жылы 16,9 мың гектар жерге бақша дақылдары егіліп, оның 13,9 мың гектарына қауын, 3 мың гектарына қарбыз орналастырылған болатын. Нәтижесінде аудан бойынша 510 мың тонна өнім жиналып, мол өнім көрсеткіші тіркелген.

Жетісай өңірінің диқандары табиғатпен тіл табысып, маусым сайын жердің құнарын тиімді пайдаланып келеді. Жыл он екі ай тынымсыз еңбек еткен адамның несібесі молайып, берекесі артады. Ерте көктемнен күзге дейінгі маңдай тер мен табандылықтың арқасында өсірілген өнім бүгінде шетел нарығына жол тартып, аудан экономикасының дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына өз үлесін қосуда.

Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар мен еңбекқор шаруалардың еселі еңбегі нәтижесінде Жетісайдың тәтті қауыны алыс-жақын елдерге танылып, өңірдің аграрлық әлеуетін айқын көрсетіп отыр.