СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАРЖЫЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ухань қаласында «Wuhan Financial Holdings» (Group) компаниясының партия комитетінің хатшысы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Мэй Линмен маңызды кездесу өткізді. Хубэй провинциясындағы алғашқы листингтен өткен қаржылық холдинг саналатын бұл ірі мемлекеттік корпорация өңірдегі жетекші қаржы институттарының бірі болып табылады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті өңірлік деңгейде одан әрі дамыту, инвестициялық байланыстарды кеңейту және Түркістан облысындағы әлеуеті жоғары жобаларды қаржыландыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынастардың соңғы жылдары жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет басшыларының бастамасымен қалыптасқан жоғары деңгейдегі саяси диалог өңіраралық ынтымақтастықтың дамуына да елеулі серпін беріп отырғанын жеткізді.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, бүгінде аймақтың Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, индустриялық өндіріс, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және инфрақұрылым салаларында ауқымды жобалар іске асырылуда. Осыған байланысты ол қытайлық инвесторларды аталған бастамаларға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Кездесудің басты мақсаты Түркістан облысында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржы көздерімен қамтамасыз ету мәселесін талқылау болды. Осы бағытта «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын негізгі қарыз алушы, облигация шығарушы немесе жобалық оператор ретінде қарастыру ұсынылды.
Өңірлік даму институты мәртебесіне ие «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвестициялық жобаларды әзірлеу, оларды қаржыландыруға қатысу, инфрақұрылымдық мәселелерді үйлестіру және жобаларды толыққанды сүйемелдеу жұмыстарын жүзеге асырады.
Кездесу аясында корпорацияның халықаралық қаржылық көрсеткіштері де таныстырылды. Қазіргі уақытта ұйымның активтері 220 миллион АҚШ долларын құрайды, ал меншікті капиталы 54 миллион АҚШ долларына жеткен. Сонымен қатар халықаралық S&P Global Ratings агенттігі тарапынан «B/B» және ұлттық шкала бойынша «kzBB+» рейтингтері берілген. Рейтингтік болжам «Тұрақты» деңгейінде бағаланған.
Екі жақ қаржылық ынтымақтастықтың екі негізгі тетігін қарастырды. Облыс басшысының айтуынша, мұндай қаржылық құралдар Түркістан облысы үшін юань валютасымен қаржыландырудың жаңа мүмкіндігін қалыптастырып қана қоймай, «Wuhan Financial Holdings Group» компаниясына Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарына шығудың тиімді әрі сенімді алаңын ұсынады.
Бүгінде Түркістан облысында қаржыландыруды қажет ететін жобалардың нақты пулы қалыптасқан. Олардың қатарында агроөнеркәсіптік кешен, индустриялық парктер, туризм саласы және өңдеу өнеркәсібі бағыттарындағы бастамалар бар. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және экспорттық әлеуетті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тараптар өзара тиімді қаржылық серіктестікті дамытуға және нақты инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.
Түркістан облысы мен «Wuhan Financial Holdings Group» арасындағы басталған диалог Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге және екі мемлекеттің экономикалық байланыстарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған келіссөздер Түркістан өңіріне халықаралық капитал тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.
«Wuhan Financial Holdings» (Group) Хубэй провинциясындағы алғашқы листингтен өткен қаржылық холдинг ретінде танылған. Компания банк ісі, бағалы қағаздар нарығы, траст қызметтері, сондай-ақ жартылай өткізгіштер өндірісі мен заманауи логистика секілді бағыттарды қамтитын 20-дан астам лицензияға ие.
