СЕНБІЛІКТЕН БАС ТАРТЫП, ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУДАН ҚАЛДЫҚ
Бұрындары барлық мекеме қызметкерлері мен мектеп оқушылары, қала тұрғындары жаппай сенбілікке шығатын. Бұл тазалық шарасынан бас тартқалы, қоршаған ортаны қоқыстан тазартудан шет қалдық. Соның салдарынан екі жылдан бері Қазақстанды толық тазарта алмай келеміз. Сол себепті балалар мен үлкен адамдарды көшеге қоқыс тастамауға, табиғатты ластамауды әдетке айналдыру керек.
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өткізілді. Қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған шара Жастар саябағында ұйымдастырылды. Сенбілікке қала әкімі Жандос Тасов, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, жастар және белсенді тұрғындар қатысты.
Тазалық жұмыстары барысында саябақ аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қураған шөптер шабылды, ағаштар мен жасыл желектердің айналасы ретке келтірілді. Қатысушылар қала келбетін жақсартуға өз үлестерін қосып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі бастаманы қолдады.
Қала әкімі сенбілікке белсенді атсалысқан тұрғындарға ризашылығын білдіріп, туған қаланың тазалығы мен көркеюі әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалық пен тәртіпті сақтау ісіне тұрақты түрде үлес қосуға шақырды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – елді мекендердің тазалығын арттыруға, табиғатты аялауға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Осындай шаралар қалалардың көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына және табиғатты қорғау мәдениетінің қалыптасуына зор ықпал етеді.
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Тазалық – әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан қала тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға және экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырамыз.
