ДЕПУТАТТАР ДАМУ ДИНАМИКАСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ
Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қала және аудан мәслихаттарының төрағалары, Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібіне енгізілген 27 өзекті мәселе жан-жақты қаралды.
Сессия барысында облыс әкімдігі мен тексеру комиссиясының облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері тыңдалды. Сонымен қатар Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, дін істері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражаттың игерілуі жөнінде ақпарат ұсынды.
Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Сессия соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, мәслихат депутаттарына нәтижелі қызметтері үшін ризашылығын білдірді.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі сессияда облыс тарихына әсер ететін маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бастамаларға қолдау білдірген депутаттарға алғысымды білдіремін. Жуырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысы Түркістан жұртшылығына ризашылығын білдірді. Бұл – ауызбіршіліктің жемісі. Бірлескен жұмыс нәтижесінде Түркістан облысы экономика, инвестиция тарту және жалпы даму бағытында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Биылғы 5 айда қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облысымыз республикада 1 орынға шықты. Өңірді дамыту жұмыстары жалғасады, – деді.
Облыстық мәслихат депутаттары өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Нәтижесінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Айта кету керек, биыл Түркістан облысында инвестиция тарту көрсеткіші 1 трлн 783,9 млрд теңге көлемінде белгіленген. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 150,5 пайызға жетті.
Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларын құрап, жоспарланған межеден төрт есе жоғары орындалды. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр.
Өңірде 2026–2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Аталған жобалар аясында 17 820 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 608,9 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Бұл жобалар толық қуатында жұмыс істеген кезде 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Биыл жалпы құны 369,4 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іріктелген. Ал жыл басынан бергі бес айда жалпы құны 42,4 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 407 жаңа жұмыс орны ашылды.
