СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, құқық қорғау органдарының жетекшілері, облыстық басқармалардың басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты. Комиссия отырысында табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігі талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жасалған баяндамаларда өңірдегі балық шаруашылығы саласындағы субсидиялау тетіктері, экологиялық рұқсаттарды рәсімдеу, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру, сондай-ақ аңшылыққа рұқсат беру қызметтері толықтай электрондық ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы мен автоматтандырылуы адами фактордың әсерін барынша төмендетіп, рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайып, көрсетілетін қызметтердің сапасы артып келеді.
Сонымен бірге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау тұрақты түрде ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістері жан-жақты зерделенуде. Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қызметтік әдеп қағидаларын сақтау және заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау барлық мемлекеттік органдар үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың ортақ міндеті. Әсіресе табиғи ресурстарды пайдалану, жер қойнауын игеру, экология және табиғатты қорғау салаларында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету маңызды. Әрбір мемлекеттік қызмет заң талаптарына сай, ашық әрі әділ көрсетілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деді.
Отырыс барысында саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін одан әрі цифрландыру, бақылау-қадағалау тетіктерін жетілдіру және азаматтармен кері байланысты нығайту мәселелері кеңінен қаралды.
Өңір басшысы жауапты мекемелерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдау жұмыстарының сапасын арттыруды, тәуекелдерді жан-жақты зерттеп, анықталған кемшіліктер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің ашықтығын күшейту және алдын алу шараларының тиімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарының сақталуына бақылауды күшейту және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру міндеті қойылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Осыған байланысты Түркістан облысында мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаса береді.
