ТҮРКІСТАНДА ЭКОПАРК АШЫЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Қарашық өзенінің жағалауынан аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экобағы ел игілігіне берілді. Жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуы Жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды акциямен қатар өтті.

Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция – жастардың құқықтық мәдениеті: Тәртіпке тартыл» атауымен өткізілді. Салтанатты рәсімге қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа экопарктің ашылуымен тұрғындарды құттықтап, Конституцияның ел болашағы үшін маңызын атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

Санаулы күндерден кейін бүкіл ел болып қолдап, дауыс берген Жаңа Конституция күшіне енеді. Осы Ата Заңымызды қолдау мақсатында халықтың ұсынысымен барлық аудан, қалада түрлі іс-шаралар өткізілді. Соның қорытындысы ретінде бүгін барлығымыз ауқымды акцияға жиналып отырмыз. Түркістан жұртшылығы референдумға қатысу бойынша елімізде көшбасшылар қатарында болып, бірлік пен отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Осы орайда, Мемлекет басшысы референдумға қолдау білдірген Түркістан халқына шынайы ризашылығын жеткізді. Президентіміз күні кеше ел болып қабылдаған жаңа Конституция туралы: «Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жыл бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін» деген болатын. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі болып орнықты. Бұл тарихи қадамды еліміздің саналы қоғамы мен білімді жастары зор ықыласпен қолдауда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған жаңа экопарк жай ғана демалыс орны емес, бүкіл Түркістан жұртшылығы мен қонақтары бас қосып, спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізетін заманауи демалыс орны. Жаңа Конституция – біздің болашағымыздың берік іргетасы. Ата Заңымыз еліміздің айбынын асырып, Қазақстанымыз мәңгілік жасай берсін! – деді.

 

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай артты. 1991–2017 жылдар аралығында 8,7 млн шаршы метр тұрғын үй, 616 мектеп, 386 денсаулық сақтау, 21 мәдениет және 23 спорт нысаны пайдалануға берілсе, соңғы 8 жылда бұл көрсеткіштердің басым бөлігі жүзеге асырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысының 77 пайызы немесе 6,7 млн шаршы метрі, мектептердің 35 пайызы немесе 214-і, денсаулық сақтау нысандарының 57 пайызы немесе 219-ы осы кезеңде салынды. Сонымен қатар өңірдегі 801 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылып, халықтың 90 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Ал өңірлік жалпы өнім көлемі 8 жыл ішінде 3 есеге ұлғайды.

Жиын барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев пен қоғам белсендісі Ерболат Балғабаев жастарды заң талаптарын құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және елдің дамуына белсенді үлес қосуға үндеді.

Мерекелік бағдарлама аясында «XIII Legion Street Workout» командасы арнайы спорттық қойылым ұсынды. Одан кейін облыс көлемінде ұйымдастырылған «Tartipke tartyl» жобасының финалдық кезеңі өтіп, қатысушылар күш-қайраты мен төзімділігін сынға салып, спорттық дайындықтарын көрсетті.

Жаңадан ашылған экобақ жергілікті табиғи ортаға бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштарымен көгалдандырылған. Мұнда 4 көпір, күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарық шамы, 3 волейбол алаңы, 1 футбол алаңы, 4 мың шаршы метрлік балалар ойын аймағы, балық аулауға арналған 3 арнайы жағажай, 11 от жағу орны, демалыс орындықтары, барбекю алаңдары және тас пен ағаштан жасалған сәндік мүсіндер орналасқан. Құрылыс жұмыстары барысында табиғатқа зиян келтірмейтін экологиялық таза материалдар пайдаланылды.

Кеш соңында ұйымдастырылған мерекелік концертте қазақ эстрадасының танымал әншілері өнер көрсетті. Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек, Alem арнайы ән шырқады.