КЕНТАУДА ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН ЕКІ ЗАУЫТ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІЛЕРІН ШЫҒАРАДЫ

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Kentau Cable Industries» компаниялар тобы жүзеге асырған екі жаңа өндірістік нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Атап айтқанда, жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель өндіретін «Kentau Cable Industries» зауыты мен электр жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаратын «ElectroCore» зауыты ресми түрде пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орындарының өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудағы және экономикалық өсімін қамтамасыз етудегі маңызына ерекше тоқталды.

Нұралхан Көшеров: 

Бүгін баршамыз үшін маңызды әрі тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Кентау қаласында жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған кабель өндіретін және электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіретін заманауи зауыттың іске қосылуы өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына серпін береді. Мемлекет басшысы өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге, шикізатқа емес, терең өңдеу саласына басымдық беру және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі іске қосылып отырған кәсіпорын осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын көрінісі деп білемін. Қос зауытта 200-дей адам жұмыспен қамтылады. Бұрыннан өндірістің қаласы болып танылған Кентау бүгінде сол деңгейіне қайта оралып жатыр. Шаһардың екінші серпіні, жаңа тынысы ашылды. Осы игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан инвесторларға, құрылысшыларға, мамандарға және барша еңбек ұжымына алғысымды білдіремін. Біз өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді.

 

«Kentau Cable Industries» ЖШС мен «ElectroCore» ЖШС-нің директоры Асқар Баймырзаұлы Кентауда іске қосылған өндіріс орындарының заманауи технологиялар негізінде жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорындардың негізгі мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыру. Сонымен бірге өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, өнім ассортиментін кеңейту және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланғанын жеткізіп, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшылығына, Түркістан облысы әкімдігіне және барлық серіктестерге алғысын білдірді.

Жаңа өндіріс орындарының бірі – «Kentau Cable Industries» ЖШС жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер өндіруге маманданған. Жобаның жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель мен 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорында кабель өнімдерін өндірудің толық технологиялық циклі қалыптастырылған. Өндіріс процесі бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған желілер арқылы жүзеге асырылады. Қолданылатын жабдықтардың компоненттік базасы Siemens, Bosch, ADVANTECH және Panasonic секілді әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи технологияларына негізделген.

Екінші инвестициялық жоба – «ElectroCore» ЖШС. Кәсіпорын электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіреді. Жоба аясында 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Өндірістің жылдық қуаттылығы 12 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда да 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласындағы өндірістік паркке барып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Қалада өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және өзге де бағыттар бойынша бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұрынғы өндіріс орындарының ескі ғимараттары қайта жаңғыртылып, жаңа зауыттарға айналдырылуда. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, өндіріс орындарының санын көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.