ТҮРКІСТАНДА БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҮЙ БЕРІЛДІ
Түркістанда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистика саласының ардагерлері мен медиа мамандары қатысты.
Мерекелік жиын басталар алдында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі телеарналар, республикалық және жергілікті басылымдардың тыныс-тіршілігін таныстырған көрмені аралап көрді. Экспозицияда бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі қызметі, шығармашылық жетістіктері мен қалыптасу тарихы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар облыс әкімі журналистермен және медиа ұйымдарының басшыларымен пікір алмасып, ақпарат саласының өзекті мәселелері жөнінде әңгімелесті.
Одан кейін Нұралхан Көшеров бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, журналистиканың қоғамдағы орны мен өңірдің өркендеуіндегі ақпарат құралдарының маңызына тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекеттің дамуы үшін ақпарат құралдарының маңызы ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Кез келген ақпаратты мұқият саралап, жұртшылыққа дұрыс бағыт көрсету – журналистің басты міндеті. Осы сенімді ақтап, Мемлекет басшысының реформаларын халыққа жан-жақты түсіндіріп, қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналып жүрген барша БАҚ өкілдеріне алғысымды білдіремін. Бүгінде Түркістан облысында 68 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толды. Осы кезеңде өңір үлкен даму жолынан өтті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге өсіп, 5 триллион теңгеге жетті. Соңғы 8 жылда 26 жылда салынған тұрғын үйдің 77 пайызы немесе 6,7 миллион шаршы метрі, мектептердің 35 пайызы немесе 214-і, денсаулық сақтау нысандарының 57 пайызы немесе 219-ы 8 жылда пайдалануға берілді. Ал мәдениет үйлері мен спорт нысандары бұрынғы 26 жылмен салыстырғанда екі есеге артық салынды. Биылғы бес айдың қорытындысында қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облыс республика бойынша бірінші орынға шықты. Сегіз жыл ішінде Түркістан облысына 7,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Түркістан бүгінде тек облыс орталығы ғана емес, түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінің өтуі мен Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің әлемдік деңгейдегі беделін одан әрі арттырды. Біз шикізатқа тәуелділіктен арылып, терең өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отырмыз. Облыста мақта өңдеу және жіп иіру зауыттары іске қосылып, мата және джинсы өндіретін жаңа кәсіпорындардың құрылысы жүргізілуде. Осындай нақты нәтижелерді халыққа дұрыс жеткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін кеңінен насихаттау жолында журналистердің рөлі ерекше. Елге нақты пайда әкелетін жұмыстарды көрсете білсек, инвестиция көлемі де, өңірге деген сенім де арта түседі. Мемлекет басшысы жуырда журналистермен кездесуінде жаңа Конституцияны бүкіл халық болып қабылдағанымызды айтып, медиа саласы өкілдерін жаңа Ата заңның тең авторларының бірі деп бағалады. Сондықтан қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруда, медиасауаттылықты арттыруда және шынайы ақпарат таратуда сіздердің жауапкершіліктеріңіз зор. Елімізде сөз еркіндігі бар. Бірақ сөз бостандығы жауапкершілікпен ұштасқанда ғана өз құндылығын сақтайды. Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген қанатты сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Баршаңызға шығармашылық табыс, қаламдарыңызға қуат, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді.
Салтанатты жиын барысында Мемлекет басшысының атынан екі журналистке тұрғын үйдің кілттері табысталды. Баспаналы болғандардың қатарында «Хабар» агенттігінің Түркістан қаласындағы меншікті тілшілер қосынының телеоператоры – монтаж инженері Ерболат Әбішов пен «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаев бар.
Сонымен бірге ақпарат саласының бірқатар үздік өкілдері мемлекеттік наградалармен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттарымен және Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова мен өңір өнерпаздары ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара журналистер қауымына көрсетілген құрметтің айқын көрінісіне айналып, ақпарат саласы өкілдерінің қоғамдағы маңызды еңбегіне берілген жоғары бағаның тағы бір дәлелі болды.
