ОБЛЫС ӘКІМ ҚАЛАНЫ АВТОБУСПЕН АРАЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында жуырда іске қосылған «Red Bus Turkistan» экскурсиялық автобусымен шаһарды аралап, туристік бағыттардың тиімділігімен және қызмет көрсету сапасымен танысты.
Экскурсия барысында облыс әкімі қаладағы негізгі тарихи-мәдени және туристік нысандарды қамтитын маршруттың мүмкіндіктерін көріп, тұрғындар мен қала қонақтарына ұсынылатын сервистік қызметтердің сапасына ерекше назар аударды. Сондай-ақ жауапты сала басшыларымен бірге туристік инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету мәдениетін дамыту және келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Өңір басшысы Түркістанның туристік әлеуетін арттыруда заманауи экскурсиялық қызметтердің маңызы зор екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
«Мұндай жобалар қаланың тартымдылығын арттырып, туристердің өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді», – деді.
«Red Bus Turkistan» экскурсиялық автобусы туристерге қаланың көрікті орындарын жайлы жағдайда аралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жолаушылар аудиогид арқылы Түркістанның тарихы мен мәдениеті жөнінде жан-жақты ақпарат ала алады.
Айта кетерлігі, экскурсиялық қызыл автобустардың тарихы әлемде ең алғаш XIX ғасырда Ұлыбританияның Лондон қаласында бастау алған. Кейіннен ашық төбелі қызыл туристік автобустар қаланың тарихи және мәдени орындарын таныстыру, туристерге ыңғайлы бағыт ұсыну әрі қаланың көрікті жерлерін бір сапар барысында тамашалауға мүмкіндік беру мақсатында кеңінен дамыды. Бүгінде мұндай «Red Bus» форматындағы экскурсиялық автобустар әлемнің ондаған туристік қалаларында табысты жұмыс істеп, қалалық туризмнің маңызды құрамдас бөлігіне айналған.
