САЙРАМДА ЖОЛ БОЙЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сайрам ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді.

Осыған байланысты бүгін аудан аумағында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, Қарамұрт ауылдық округіндегі облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, ауыл ақсақалдары, аудан әкімдігі қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Жалпы тазалық жұмыстарына 420 адам жұмылдырылып, 12 арнайы техника тартылды. Сенбілік барысында жол жиегіндегі қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, 2,2 шақырым аумақта өскен тікенекті өсімдіктер мен арам шөптер шабылды. Нәтижесінде 3,3 тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, арнайы полигонға жеткізілді.

Тазалық мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан қоршаған ортаның тазалығын сақтау мен табиғатты қорғауға бағытталған осындай игі бастамалар Сайрам ауданында алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.