САРЫАҒАШТА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде мәдениет саласын қолдау, ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру бағытында жаңа нысандар бой көтеріп, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілуде.
Осы ретте Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Мәдениет ауылында кітапханасы бар 75 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мәдениет ошағының пайдалануға берілуімен құттықтады.
Нұралхан Көшеров:
– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің айнасы. Облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Оның ішінде Сарыағаш ауданында 5 мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Бүгінгі жаңа мәдениет үйі – осы жұмыстардың нақты нәтижесі. Мәдениет ауылы – ауызбіршілігі жарасқан, көркейген елді мекен. Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын табысты жүзеге асырып, 2024 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында ІІ орын алды. Сол кезде мәдениет үйін салуға қолдау көрсететінімді айтқан болатынмын. Нәтижесінде облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар өткен жылы облыстық бюджеттен 31 миллион теңге бөлініп, балаларға арналған спорт және ойын алаңшасы салынды. Бұл мәдениет үйі – жай ғана ғимарат емес. Бұл – ауыл тұрғындарының басын қосатын, өнер мен руханиятты дәріптейтін, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени орталық. Түркістан өңірі – мәдениеті мен руханияты терең тамыр жайған қасиетті өлке. Сондықтан мәдениет ошақтарының көбеюі өңірдің рухани әлеуетін арттырып, ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, өнер мен руханияттың ордасына айналсын, – деді.
Салтанатты рәсімнен кейін ауыл ақсақалдары мен облыс әкімі жаңа мәдениет үйінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде ел игілігіне тапсырды.
Заманауи талаптарға сәйкес бой көтерген мәдениет үйінде 75 орындық көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және қызметтік бөлмелер қарастырылған. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге әрі жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
