КЕЛЕСТЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жүзімдік ауылдық округінде бой көтерген 149 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шара барысында өңір басшысы тұрғындарды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, оның ауылдың рухани өміріндегі маңызын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін Келес ауданы Жүзімдік ауылында заманауи талаптарға сай салынған 149 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне беріліп отыр. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!
Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мәдениет саласын дамыту, ауылдық инфрақұрылымды жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Оның ішінде Келес ауданында 4 мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Биыл аудандық музейдің құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Басты мақсатымыз – жастардың сапалы білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, мәдениетті әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына жағдай жасау.
Жаңа мәдениет үйінде кітапхана, конференц-зал, хореография залы және шығармашылық үйірмелер жұмыс істеп, жастардың өнері мен қабілетін дамытуға кең мүмкіндік береді. Осы шаңырақтан ел мәдениетіне үлес қосатын талантты жастар қанат қағады деп сенемін.
Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері!
Жаңа мәдениет үйі ауылдың рухани өмірін жандандырып, тұрғындардың игілігіне қызмет ете берсін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін! — деді.
Салтанатты рәсім аясында облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары жаңа мәдениет үйінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде пайдалануға берді.
Рәсімнен кейін қонақтар жаңа ғимараттың материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Заманауи талаптарға сай тұрғызылған мәдениет үйінде 149 орындық көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және қызметтік бөлмелер орналасқан. Мұнда ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, өнер ұжымдарының қызметін дамытуға, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге барлық қажетті жағдай қарастырылған.
