ЖЕТІСАЙДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Асықата кентінде жаңадан салынған «Aksu Samruk Medical Clinic» медициналық орталығының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында өңір басшысы адам өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында Түркістан облысында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Нұралхан Көшеров: 

Бүгін өңіріміз тағы бір маңызды әлеуметтік нысанмен толықты. Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан жаңа медициналық орталықтардың ашылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, ана мен бала денсаулығын нығайтуға, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Өңірде өндіріс орындарын ғана емес, әлеуметтік нысандарды да көбейту – басты міндеттердің бірі, – деді.

Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан облысы құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 1991-2017 жылдар аралығында өңірде 386 денсаулық сақтау нысаны салынса, соңғы сегіз жыл ішінде облыста 214 жаңа медициналық мекеме пайдалануға берілген.

Жаңа медициналық орталық жергілікті кәсіпкер Елдос Байыспаевтың жеке инвестициясы есебінен салынды. Құны 2 млрд теңгені құрайтын нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Орталық тәулігіне 280 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 10 орындық күндізгі және 40 орындық тәуліктік стационар қызмет көрсетеді. Жоба аясында 70 жаңа жұмыс орны құрылды.

2024 жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстарының нәтижесінде пайдалануға берілген медициналық орталықтың жалпы аумағы 2565 шаршы метрді құрайды. Емдеу мекемесінде терапевт, кардиолог, хирург, травматолог, лор, эндокринолог, невропатолог, гастроэнтеролог, дерматолог, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, педиатр және өзге де бағыттағы жоғары білікті мамандар халыққа қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар орталықта күрделі хирургиялық операциялар жасауға барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда балалар мен ересектерге арналған вакцина кабинеттері, заманауи зертханалар жұмыс істейді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қатынауы үшін арнайы лифт орнатылған. Медициналық мекеме заманауи жедел жәрдем көліктерімен де қамтамасыз етілген.

Жаңа медициналық орталықтың іске қосылуы Жетісай ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, халықтың денсаулығын нығайтуға және қолжетімді медициналық қызмет көлемін кеңейтуге өз үлесін қосады.