ПЛАСТИК ҚАЛДЫҚТАРЫН ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыру және шикізатты терең өңдеу бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жұмыстар аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өндірістік аймақта салынып жатқан пластик қалдықтарын қайта өңдеу және пластик ыдыстарын өндіруге арналған зауыттың құрылыс барысымен танысты.

«KAZ INVA» ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы аудан әкімі мен жауапты сала жетекшілеріне жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Өңір үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, терең өңдеуді дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – басты басымдықтардың бірі. Мұндай жобалар экологияны жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасының дамуына серпін береді, – деді.

Жаңа өндіріс орнында пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына қажетті пластик өнімдері өндірілетін болады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 10 млн дана өнім шығару жоспарланып отыр. Бұл жоба өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайтып, отандық шикізатты тиімді игеруге мүмкіндік береді.

Жетісай ауданындағы аумағы 59 гектарды құрайтын индустриялық аймақта жалпы инвестициялық құны 30,3 млрд теңге болатын 5 зауыттың құрылысы қолға алынған. Бүгінде олардың екеуі пайдалануға берілсе, қалған үшеуінің құрылысы жалғасуда. Барлық жобалар толық іске асқан кезде мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жиһаз, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер, құрама жем, темір бұйымдары және химиялық жуғыш заттар өндіретін 5 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, құны 3,5 млрд теңгені құрайтын «MIR AGRO KZ» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешені мен қоймасының құрылысы жүргізілуде.

Айта кету керек, Түркістан облысында инвесторларға қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылып, дайын инженерлік инфрақұрылым ұсынылуда. Қазіргі таңда өңірде «Turan» арнайы экономикалық аймағы мен 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Сонымен бірге барлық аудан мен қалада шағын өнеркәсіптік парктер салынып, өндіріс саласын дамытуға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.