САУРАНДЫҚТАР ОБЛЫС ӘКІМІМЕН ЕРКІН ПІКІР АЛМАСТЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта еркін пікір алмасты.

Аймақ басшысы Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан бастамалар жөнінде баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңге белгіленген жобалар мен басым міндеттерді таныстырды.

 

Нұралхан Көшеров: 

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін көне Жібек жолының жауһары, ежелгі өркениеттердің ізі қалған Сауран өлкесінің тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Сауран ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 38,4 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 36,7 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 19,9 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 12,3 млрд теңгені құрап, 35,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 57,2 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артты. Сауда көлемі 1,9 млрд теңгені құраса, өсім 31,8 пайызға жетті. Өзіндік кірістер 3,3 млрд теңгені құрап, 14,5 пайызға ұлғайды. Салықтық түсімдер 3,1 млрд теңгені құрап, 36,7 пайызға артты. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. Сауран ауданы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде І орынға ие болды. 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысымен де көшбасшылық орнын сақтап, тағы да І орыннан көрінді. Бұл – ауданның тұрақты дамуының, экономикасының қарқынды өсіп келе жатқанының және барлық салада жүйелі жұмыстардың жүргізіліп отырғанының айқын дәлелі. Алдағы уақытта да осы оң қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жобаларды іске асыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бірлесе еңбек етеміз деп сенемін, – деді.

Сондай-ақ, өңірді дамытуда тұрғындармен ашық диалогтың маңызы ерекше екенін атап өтіп, халықтың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері әрдайым назарда болатынын жеткізді.

2026 жылдың алғашқы алты айында аудандағы өндірістік алаңдарда жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 894 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауданда өткен жылы 2 мектеп пен 1 оңалту орталығы ел игілігіне берілді. Ауыл шаруашылығы саласында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Сонымен бірге 150 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана, 1 спорт кешені пайдалануға тапсырылды. Қосымша 1 спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Өткен жылы облыс әкімінің саурандықтармен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешуге арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жалпы тұрғындар тарапынан 10 мәселе көтеріліп, оның 5-еуі толық орындалды. Қалған 2 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Ескі Иқан ауылдық округіндегі 15 мың басқа арналған мал бордақылау және мал сою алаңы электр желілерімен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес Шаға ауылдық округінде бір қабатты екі пәтерлі тұрғын үйдің және Шорнақ елді мекенінде үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Бабайқорған мен Игілік елді мекендерінің арасындағы 9 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуде тұрғындар Оқушылар сарайын салу, ауылдарды табиғи газбен толық қамтамасыз ету, қоғамдық көлік қатынасын дамыту, интернет байланысының сапасын жақсарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына берілетін жеңілдетілген несиелерге қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.