ХАЛЫҚПЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫС: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ОРДАБАСЫЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІНЕ ҚҰЛАҚ АСТЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір тұрғындарымен кездесулері мен жеке қабылдаулары жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алған кезекті кездесу Ордабасы ауданында өтіп, өңір басшысы аудан тұрғындарымен жүздесіп, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, тұрғындар көтерген мәселелерді жан-жақты талқылап, оларды шешудің нақты жолдарын қарастырды.

Кездесу барысында облыс әкімі жауапты тұлғаларға тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмай, белгіленген мерзімде сапалы әрі нәтижелі шешу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Жиында Нұралхан Көшеров ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ұсыныстарға әрдайым ашық екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

— Құрметті мәжіліске қатысушылар! Бүгін қазақ елінің бірлігі мен тұтастығының символына айналған Ордабасы өлкесінің тұрғындарымен жүздесуге келіп отырмыз. Алдымен өңір экономикасының дамуына тоқталсақ, 2026 жылдың жартыжылдық қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 111,6 млрд теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артқан. Аймақта өндірілген өнім көлемі 83,4 пайызға жеткен. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі бойынша өнім көлемі 88,5 пайызға артқан. Ауданға тартылған инвестициялар көлемі 26,6 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, сауда көлемі 14,5 млрд.теңгеге жетіп, өсім 2,1 есені құрады. Жалпы, аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен өнім көлемі 5,5 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12 млрд теңгені құрап отыр, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары 18,6 пайызды құрайды. Ал ауданның жергілікті бюджет кірістерінің үлесі жыл сайын артып, биыл 1,5 млрд теңгеге жеткен. Ауданның білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, өткен жылы «Келешек мектебі» жобасы аясында, Ақбұлақ елді мекенінде 300 орындық 1 мектеп, облыстық бюджет есебінен Шұбарсу елді мекеніндегі 600 орындық, Төрткүл және Қызылжар ауылдарындағы 300 орындық мектептер пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Елшібек батыр мен Ынтымақ ауылдарындағы 200 орындық мектептерді пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың соңына дейін 250 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана және бір спорт кешенін ел игілігіне беру жоспарлануда. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 45 елді мекенге көгілдір отын беріліп, газбен қамту деңгейі 78,9 пайызға жетті. Оған қоса, ағымдағы жылы 5 елді мекенде газ құбырларының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Нақтылай өтсек, бұған дейін тұрғындар тарапынан нақты 20 мәселе көтерілген-ді. Бүгінгі күні оның 18-і толық орындалып, қалған 2 мәселе бойынша жұмыстар мерзімінде атқарылмағаны анықталып отыр. Оның ішінде елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылды, 6 көшеге асфальт жабындысы төселді. Аудан көлемінде 13 жаңа қоғамдық көлік жаңартылды. Одан өзге, Темірлан ауылында 152 кредиттік пәтердің құрылысы толық аяқталды.

Жалпы облысқа қарасты барлық аудан-қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету, өңірге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді, аталған салалар бойынша нақты жобалар мен тиісті шаралар ұдайы жалғасуы керек.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін қоғамдық орындарда қоқыс тастау фактілері жиі орын алып отыр. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, күнделікті үйіміздің айналасын, көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын, — деді.

Кездесу барысында тұрғындар ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымына, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына, экологиялық ахуалға, ауыл шаруашылығына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізді. Әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларды шешудің мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдады. Жеке қабылдау барысында ауданның инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, білім саласы, экология және ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар түйткілдер көтерілді. Барлық мәселелер бақылауға алынды.

Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі әрдайым назарда болатынын айтып, көтерілген мәселелерді заң аясында шешуге және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетуге басымдық берілетінін жеткізді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан мен қалада жалғасатын болады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазылуға болады.