БІЛІМНІҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ БЕЛГІЛЕНДІ
Түркістан облысында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз конференциясы өтті. Дәстүрлі жиын аясында білім беру саласындағы инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, білім беру саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Конференция барысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары, білім сапасын көтеру, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және заманауи білім беру әдістерін оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды.
Алқалы жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім беру саласында қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі. Сонымен қатар өңір басшысы білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі басқосуымыз ел өміріндегі тарихи өзгерістер кезеңінде өтіп отыр. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен жаңа Конституциямыз қабылданып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Ата Заңымыз азаматтардың әлеуетін, білім мен ғылымды дамытуды мемлекеттік саясаттың өзекті әрі басты стратегиялық басымдығы етіп белгіледі. Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Қазіргі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект дәуіріне, яғни адамның ойлау мүмкіндігін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеу кезеңіне аяқ басты. Сондықтан, жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу – біздің басты міндетіміз. Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы біздің өңірге тиесілі. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында облыс бойынша 1-сыныпқа 50 мыңнан астам бала қабылданады. Яғни, Қазақстандағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш – жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балаларымызға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру – әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мектеп ғимаратын тұрғызумен іс бітпейді. Сапалы білім беру үшін ішкі жағдай мен заманауи жабдықталу деңгейі жоғары болуы тиіс. Әсіресе ауыл мектептеріндегі білім сапасын қала деңгейіне жеткізу – біздің стратегиялық мақсатымыз. Мен өңірдегі білім беру ұйымдарын арнайы аралап, мектептердің тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық жағдайымен жеке танысып шықтым. Балаларымыздың оқу үдерісін барынша ыңғайлы, заманауи әрі қауіпсіз ету мақсатында бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Нақтырақ айтқанда, білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 75 мың жаңа парта, 10 мың жаңа тақта алу үшін қаржы бөлінді. Сондай-ақ, оқушыларымызға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинетті толықтай заманауи үлгіде жабдықтауға қаржы қарастырылды. Білім саласын дамыту – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Осы орайда, өңіріміздің адами капиталын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырған стратегиялық серіктесіміз – Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғыс айтамыз. Өңірдегі оқушы орнының тапшылығын шешуге үлес қосып отырған жекеменшік мектептердің де рөлі жоғары. Басты көрсеткіш – ғимараттың аумағы емес, онда берілетін білімнің сапасы. Мемлекет бұл мектептердің шығындарын 100 пайыз өтейтіндіктен, қойылатын талап та жоғары: білім сапасы бекітілген стандарттарға сай болуы керек. Меншік түріне қарамастан, балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасына бәріміз бірдей жауаптымыз. 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысының білім сапасы 69 пайызды құрап, елімізде көш бастады. Бұл – әрине, ең алдымен, аянбай еңбек етіп жүрген білікті педагогтар қауымының қажырлы еңбегінің жемісі. Өңірімізде ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға жан-жақты жағдай жасау – әкімдіктің әрдайым басты назарында. Алдымызда жаңа белестер мен ауқымды мақсаттар тұр. Біздің ең басты міндетіміз – заман талабына бейімделген, білімді, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жаңа оқу жылында баршаңызға жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін! – деді.
Іс-шара барысында білім беру саласының бірқатар үздік өкіліне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.
Білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында өңірде 2024-2025 жылдары 29 жайлы мектеп пайдалануға берілді. Облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысаны салынуда. 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орынға есептелген қосымша 58 білім нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде.
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Түркістан облысында 2022-2025 жылдар аралығында жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын қайырымдылық жобаларын жүзеге асырды. Оның ішінде білім беру саласына 5,3 млрд теңге көлемінде нақты қолдау көрсетілді. Биыл Қордың қолдауымен құны 5,1 млрд теңге болатын 100 ауыл мектебін 300 заманауи пән кабинетімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарындағы 1 800 орындық «Жаңа буын орталықтарын» 2,6 млрд теңгеге заманауи робототехника, өнер және спорт құралдарымен жабдықтау көзделген.
Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу жөніндегі тапсырмасын Түркістан облысында сапалы жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен алдағы 3 жылға қаржы қарастырылды. Бұл бастама өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын түбегейлі азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде өңір жастары республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында, ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп, білім мен ғылым саласында айтулы жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтқанда, өткен оқу жылында ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атанып, бас жүлдені жеңіп алды.
Пленарлық кеңес барысында спикерлер білім беру саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, сала дамуының басым бағыттары жөнінде ой-пікірлерін білдірді.
Тамыз конференциясы – білім беру саласында атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді қорытындылап қана қоймай, алдағы кезеңге қойылатын міндеттерді айқындайтын дәстүрлі алқалы жиын. Іс-шара барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылына арналған негізгі басымдықтар мен міндеттер белгіленді.
Айта кетейік, республика бойынша тіркелген 7 896 мектептің 1 106-сы Түркістан облысында орналасқан. Сонымен қатар өңірде 1 441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты табысты жұмыс істеп келеді.
