ПРЕЗИДЕНТ АҚШ КОНГРЕСІ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смит бастаған Конгресс делегациясымен кездесті. Кездесуге Конгресс мүшелері Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейс қатысты.

Мемлекет басшысы америкалық делегацияға ілтипат білдіріп, олардың Қазақстанға сапарының еліміздегі бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, парламент сайлауы Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиға болды. Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы заң шығару үдерісінің тиімділігін арттырып, қабылданатын заңдардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Президент жаңа заң шығарушы органның қызметінде парламенттік дипломатия маңызды бағыттардың бірі болатынын атап өтті. Оның пікірінше, АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы тұрақты әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілетуге және Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы америкалық делегацияға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ әділетті әрі озық мемлекет құруға бағытталған стратегиялық бастамалар жөнінде мәлімет берді. Басқару жүйесін жаңғырту, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және саяси реформаларды одан әрі жалғастыру мәселелеріне де тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жалпыхалықтық қолдауына ие болған жаңа Конституцияның негізгі ережелерін таныстырды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы көпқырлы серіктестіктің соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстармен қатар, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларын да қамтиды.

Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейге көтерілуіне екі ел басшылары арасындағы сенімді әрі сындарлы диалогтың ықпал еткенін айтты. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимылдың нығайып келе жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған америкалық бастамаларды қолдайтынын атап өтті. Осы ретте Қазақстанның Бейбітшілік кеңесі мен Ибраһим келісімдері аясындағы бастамаларға қолдау білдіргенін айтты. Сонымен бірге ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелеріндегі екі елдің өзара іс-қимылының маңызын атап өтті.

Өз кезегінде АҚШ Конгресі делегациясының жетекшісі Джейсон Смит Қазақстан Президентіне арнайы қабылдағаны үшін алғыс айтып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың сәлемін жеткізді.

Джейсон Смиттің айтуынша, Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевпен қалыптасқан сенімді әрі сындарлы қарым-қатынасты жоғары бағалайды. АҚШ Президенті Қазақстан Президентін алдағы G20 саммитіне қатысу үшін Майамиге күтіп отырғанын жеткізген.

Джейсон Смит: 

Президентіміз Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге айрықша мән береді. Біздің сапарымыздың негізгі мақсаттарының бірі – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін зерделеу. Біз өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған мазмұнды диалогқа дайынбыз, – деді.

Кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, технологиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, алдағы Майами сапары екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.