БІРНЕШЕ ЗАУЫТ САЛЫНБАҚ
Түркістан облысында бірқатар ауқымды өндірістік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағында 2 гектар жерге полимерлік дисперсияларды синтездеуге бағытталған автоматтандырылған зауыт салу көзделуде. Сонымен қатар 3,1 гектар аумақта мақта мен сабаннан целлюлоза өндіретін кәсіпорын құрылысы қолға алынбақ. Ал 2 гектар жерге күнбағыс майын өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында мәлім болды. Жиында жаңа инвестициялық жобалар зерделеніп, оларды жүзеге асыру мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалардың бастамашыларымен кездесіп, жобаларды іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу, инвесторларға қажетті қолайлы жағдай жасау және жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Нұралхан Көшеров:
– Біздің басты міндетіміз – өңірге жаңа инвестиция тартумен қатар, әрбір жобаның нақты нәтижесін қамтамасыз ету. Инвесторларға қажетті жағдай жасап, жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешуіміз қажет. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өндіріс көлемін арттыратын және аудан-қалалардың экономикалық әлеуетін күшейтетін жобаларға басымдық берілуі тиіс. Арнайы аймақтардан жер қарастырылады. 6 ай ішінде құрылыс жұмыстары басталмаған жағдайда, жер мемлекет меншігіне қайтарылады, – деді.
Инвестициялық штаб отырысында инвесторлар облыс аумағында жүзеге асыру жоспарланған жаңа инвестициялық жобаларын таныстырды. Жобалар қолдау тауып, бірқатар кәсіпорындардың құрылысы қыркүйек айында басталатыны белгілі болды.
Инвестициялық жобалар Сауран ауданында да іске асырылмақ. Атап айтқанда, Саурандағы «Turan» АЭА аумағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 17 гектар жерге жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар шығаратын зауыттың құрылысы көзделуде. Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар Сауран ауданының Иассы ауылдық округіне қарасты Шойтөбе ауылындағы 8 гектар аумақта сұйытылған көмірсутек газын сақтау және оны теміржол эстакадасы арқылы автоцистерналарға құю базасын салу жоспарланған.
Мақтаарал ауданында да бірқатар өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы «Turan» АЭА-да («Орталық Азия» ХӨКО) 5 гектар жерге жіп иіру фабрикасын салу көзделген. Ал Сайрам ауданында қойма кешенін тұрғызу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен бірге инвестициялық штаб отырысында 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және шетелдік капиталдың қатысуымен инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы мен Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы баяндама жасады.
Жаңа жобалардың іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін өркендетуге, өндіріс көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірілетін өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Облыста инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторларға қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады. Инвестициялық штаб отырысында мақұлданған жобалардың жүзеге асырылу барысы облыс басшысының тұрақты бақылауында болады.
Жалпы, өңірге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Түркістан облысының экономикасына 8 жыл ішінде жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрақты жұмыс орындары құрылды.
