ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ЗАҢДАСТЫРУДЫ СҰРАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды кезекті рет жеке қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген өзекті мәселелер жауапты тұлғалармен бірлесіп жан-жақты зерделеніп, оларды шешу жолдары қарастырылды. Бірқатар мәселе сол мезетте тиісті шешімін тапты.
Жеке қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс қалаларының, сондай-ақ Келес және Сауран аудандарының тұрғындары қатысты. Азаматтар облыс әкіміне әлеуметтік, инфрақұрылымдық және жер қатынастарына байланысты мәселелерін тікелей жеткізді. Тұрғындар көтерген мәселелердің қатарында ерекше балаларға арналған балабақша ашу, апатты жағдайдағы тұрғын үйдегі пәтерлерді сату, өтемақы алу және жер телімдерін заңдастыру мәселелері бар.
Сонымен қатар тұрғындар елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты бірқатар түйткілдерді де ортаға салды. Атап айтқанда, Ақдала ауылындағы көшеге жол салу, көшелерді жарықтандыру және газ тарту, Береке ауылындағы көшеге жол салу, канал қазу, электр бағаларын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда ауылдарды сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезекте халық саны көп шоғырланған елді мекендер қамтылып жатыр.
Бұдан бөлек, тұрғындар кен орнының жұмысына қатысты шағымдарын білдірді. Осыған байланысты облыс әкімі заңсыздықтар орын алған жағдайда, заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылатынын атап өтті.
Нұралхан Оралбайұлы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, жауапты басқармалар мен аумақтық органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол тұрғындардың мәселелерін формалды түрде қарастырмай, әрбір өтінішті жіті зерделеп, заң талаптарына сәйкес тиімді шешім қабылдауды міндеттеді. Берілген тапсырмаларды орындауға нақты мерзім белгілеп, олардың жүзеге асырылуын жеке бақылауына алды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар және кезек күттірмейтін мәселелерді шешуде тұрғындармен тікелей кері байланысты күшейтудің қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, облыс әкімі және оның орынбасарлары облыс тұрғындарын бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдайды. Жеке қабылдауға e-Өтініш бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазылуға болады.
