АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІ ТҮРКІСТАННЫҢ МӘДЕНИ ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің аға буын өкілдерімен бірге Түркістан қаласындағы бірқатар мәдени нысанды аралады. Облыс басшысы мен ардагерлер «Қолөнершілер» орталығына барып, жергілікті шеберлер әзірлеген ұлттық нақыштағы бұйымдар ұсынылған жәрмеңкені тамашалады. Мұнда дәстүрлі қолөнерді өркендету, ұлттық өнерді насихаттау және оны кейінгі ұрпаққа аманат ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Кездесу барысында аға буын өкілдері қолөнер шеберлерімен пікір алмасты. Олар ұлттық қолөнердің тәрбиелік әрі мәдени маңызына тоқталып, дәстүрлі өнерді дәріптеудің өзектілігін атап өтті. Өңірдің еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері жас шеберлердің жұмысына жоғары бағасын беріп, ұлттық өнердің сабақтастығын сақтау маңызды екенін жеткізді.

Мерекелік басқосу кезінде ардагерлер ұлттық ойындарға да белсенді қатысты. Асық атып, ләңгі теуіп, садақ атқан қариялар ширақтықтарын танытып, ұлттық дәстүрлерге деген құрметін көрсетті.

Облыс әкімі аға буын өкілдерімен ашық әрі еркін пікірлесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Әңгіме барысында Түркістанның рухани-мәдени болмысы, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және кейінгі буынға тағылымды мұра қалдыру мәселелері қозғалды.

Нұралхан Көшеров: 

– Бүгінгі Түркістанның қалыптасуы мен дамуына сіздердің де еңбектеріңіз сіңді. Қаламыздың рухани орталық ретінде жаңғыруына аға буынның өнегесі мен тағылымы әрдайым қажет. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен елге жасаған қызметтеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны жас ұрпаққа жеткізу – бәрімізге ортақ міндет, – деді.

Мәдени нысандарға жасалған сапар кезінде аға буын өкілдерінің ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, сақтаудағы рөліне айрықша назар аударылды. Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған бұл кездесу ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, буындар арасындағы байланысты нығайтуға және ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға арналды.