СОЗБАЛАҢҒА САЛМАЙ ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға Түркістан қаласы, Сауран, Ордабасы және Мақтаарал аудандарының азаматтары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік, еңбек, жер және инфрақұрылым салаларына қатысты мәселелерін ортаға салып, талап-тілектерін жеткізді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікпен айналысуға және жер учаскелерін пайдалану тәртібіне байланысты өтініштерін білдірді.

Азаматтардың мәселелерін мұқият тыңдаған облыс әкімі жауапты басшыларға әрбір өтінішті заң талаптарына сай жан-жақты қарастырып, нақты шешім қабылдауды жүктеді.

Нұралхан Көшеров: 

– Әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Өтініштерді қарау барысында ең алдымен заң талаптары сақталуы тиіс. Егер мәселе сол жерде шешілетін болса, созбалаңға салмай, тиісті шара қабылдаңыздар. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша заң аясында нақты шешім қабылдауды тапсырамын, – деді.

Қабылдау кезінде бірқатар мәселе сол жерде-ақ шешімін тапты. Ал қосымша тексеруді қажет ететін өтініштер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктеліп, заңнамаға сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Жеке қабылдауға жазылу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүзеге асырады. Тұрғындар қабылдауға e-Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш беру арқылы тіркеле алады.