ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫН ДАМЫТПАҚ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаевпен жүздесіп, өңірдегі тұрғын үй саласының бүгінгі жай-күйі мен алдағы міндеттерді талқылады.

Кездесу барысында баспана құрылысын арттыру, аумақтарды кешенді игеру, жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру және тұрғын үй секторын одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды.

Өңір басшысы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

– Киелі Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Тұрғын үй құрылысы – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі. Осы бағытта «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен бірлескен жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі кездесуде атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралап, алдағы кезеңдегі бірлескен жоспарларды талқылаймыз. Түркістан облысындағы тұрғын үй саласының дамуы мен өркендеуіне «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ атынан қосқан елеулі үлесіңіз және көрсеткен қолдауыңыз үшін сізге шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді.

Түркістан облысы құрылған уақыттан бері аймақта жалпы саны 873 тұрғын үй, 25 078 пәтер ел игілігіне берілді. Оның ішінде «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның облигациялық қарыздары арқылы қаржыландырылған 91 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа 230 тұрғын үй, яғни 10 707 пәтер пайдалануға тапсырылды.

Бұдан бөлек, биыл облыс әкімдігінің бастамасымен 75 млрд теңгеге жалпы аумағы 248 мың шаршы метр болатын 156 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандарды биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Алдағы жылы Түркістан қаласында кредиттік негізде 48 тұрғын үй тұрғызу көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, жалпы аумағы 129,2 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерден 2 378 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрғын үй құрылысының қарқынын сақтау, жаңа жобаларды жүзеге асыру және өңір тұрғындарының баспанаға қолжетімділігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мән берді.