БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістанда Ұстаздар күніне орай «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты іс-шара өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы ұстаз еңбегінің ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

– Ұстаз – баланың бойына білім мен тәрбие дарытып, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға. Сондықтан ұстазға деген құрмет – болашаққа деген құрмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, еліміздің басты капиталы – сапалы білім алған, бәсекеге қабілетті ұрпақ. Осы ретте білім сапасын арттыру – баршамызға ортақ міндет, – деді.

Қазіргі таңда өңірде білім беру инфрақұрылымын дамытуға және педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Түркістан облысының 4 білім беру ұйымы еліміздің үздік 100 олимпиадалық мектебінің қатарына енді. Оқушылар халықаралық және республикалық білім додаларында 170 жүлделі орын иеленді.

Биыл облыс педагогтері «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауында бірнеше мәрте бірінші орын алды. Сонымен қатар ұстаздар мен оқушылар «Кітап және цифрлық әлем – STEAM» республикалық инновациялық жобасы мен халықаралық III дәстүрлі «Зейін-2025» ғылыми жобалар байқауында үздік нәтиже көрсетті.

Мерекелік шара барысында «Адал азамат» тәрбиесі, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениеті, «Заң мен тәртіп» қағидаты, Жаңа Конституция талаптары және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселелері де назарға алынды. Бұл бағыттарды жүзеге асыруда ұстаздардың рөлі ерекше екені атап өтілді.

Салтанатты жиында республикалық және облыстық пән олимпиадалары мен білім байқауларының жеңімпаздарын дайындаған 30 педагог марапатталды. Оның ішінде 5 мұғалім «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасына, 5 ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Тағы 20 педагогке алғыс хат табысталып, олардың әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов 50 педагогке Ы.Алтынсарин төсбелгісін, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, «Құрмет» грамотасы мен алғыс хаттар тапсырды.

Бүгінде Түркістан облысында 83 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның 66 мыңнан астамы орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Педагогтердің 94 пайызы, яғни 62 928 маман – жоғары білімді. Ал 4 015 педагог магистрлік дәрежеге ие.