719 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Өткен 8 айдың қорытындысына сәйкес Түркістан облысында 719 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 107 %-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде 4-орында тұр. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.

Биыл республика бойынша 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 1,25 млн шаршы метрі Түркістан облысының еншісінде. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен Түркістан қаласында жалпы құны 16,5 млрд теңгені құрайтын 8 кредиттік тұрғын үй салынуда. Аталған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 48,2 мың шаршы метрді құрап, 810 пәтерді қамтиды.

Облыс әкімі жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша көңіл бөліп, нысандардағы жұмыстардың белгіленген талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Нұралхан Көшеров:

– Сатып алынатын тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын бақылауға алып, олардың сапасы мен құрылыс қарқынын арттыруға баса мән беріңіздер. Әрбір нысан бойынша жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жою қажет. Сондай-ақ арендалық үйлерді сатып алып, дайын үйлерді тапсыру, үйлердің конкурсын уақтылы өткізу, тұрғын үй аумақтарын абаттандыру жұмысымен толық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударыңыздар, – деді.

Аппарат мәжілісінде өңірдегі тұрғын үй құрылысының қазіргі жағдайы жөнінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде 8 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстарына жалпы 500-ге жуық адам тартылған. Өндірістік кестеге сәйкес нысандарды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жетісай ауданы әкімдігінің тапсырысымен «сақалды құрылысқа» айналған 120 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда.

Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 546 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 315 пәтер сатып алынды. Қалған 231 пәтерді қараша айына дейін сатып алу көзделуде.

Сонымен қатар облыста жалпы құны 29,5 млрд теңгеге 1 533 пәтерлі 37 кредиттік тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Оның ішінде Түркістанда – 1517 пәтер, Келесте – 16 пәтер. Қазіргі таңда 1 098 пәтер сатып алынды. Қалған 435 пәтерді қараша айына дейін сатып алу жоспарланып отыр.

Облыс көлемінде жеке салушылардың қаражаты есебінен жалпы 3 105 пәтерлі 168 тұрғын үй бой көтеруде. Биыл 105 үйді пайдалануға беру жоспарланса, қалған 63 тұрғын үй келесі жылы ел игілігіне тапсырылмақ.