АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ӨНДІРІС ПЕН ЛОГИСТИКА ДАМИДЫ

Арыс қаласында «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және тасымалдау бағытында бірнеше ауқымды инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Түркістан облысының әкімі Арыс қаласына жұмыс сапары кезінде кәсіпорындардың құрылыс нысандарына барып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.

 

Нұралхан Көшеров: 

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және логистика бағытындағы жобалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуде маңызды рөл атқарады. Біз үшін инвестиция көлемімен қатар, өндірістің нақты іске қосылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жергілікті өнімнің қосылған құнын арттыруы маңызды. Сондықтан әрбір жобаның жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді.

Қазіргі таңда компания Арыс қаласындағы 9 гектар аумақта күнбағыс, мақта және мақсары майын өндіретін зауыт тұрғызуда. Жобаның инвестициялық құны – 11 млрд теңге. Кәсіпорын тәулігіне 500 тонна өнім шығаруға мүмкіндік алады. Өндіріс іске қосылғанда 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыттың құрылысы былтыр басталған, нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС 1 гектар аумақта автомобиль және теміржол көлігімен тікелей байланыстырылған жүктерді ауыстырып тиеу орталығын салып жатыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2025-2026 жылдарға белгіленген. Инвестиция көлемі – 200 млн теңге. Орталық тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Нысан толық қуатында жұмыс істеген кезде 10 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл жоба автокөлік және теміржол арқылы жүк тасымалдау үдерісін оңтайландырып, өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Былтыр компания бұршақ тұқымдас дақылдарды сақтауға арналған қойманы пайдалануға берген. Оның бір мезгілдегі сыйымдылығы 6 мың тоннаға дейін жетеді. Жоба аясында 10 жұмыс орны ашылған. Ал, биыл тауарларды сақтауға арналған қойманы, яғни құрғақ портты іске қосу жоспарланып отыр. Оған 2 гектар жер бөлініп, 1 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Нысан пайдалануға берілген кезде 10 адам жұмыспен қамтылады.

Келесі жылы астық пен силос сақтауға арналған қойманы іске қосу көзделген. Құны 1,5 млрд теңге болатын нысан 2 гектар аумақта бой көтереді. Қойманың жылдық сақтау мүмкіндігі 60 мың тоннаға дейін болады. Жоба іске асқанда тағы 10 жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, инвестор биыл 1,5 гектар аумақта асыл тұқымды жылқы өсіруге арналған кешенді іске қосуды жоспарлап отыр. Мұнда 30 басқа дейін асыл тұқымды жылқы ұстау және өсіру көзделген.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жауапты басшыларға инвестициялық жобаларды сүйемелдеу шараларын жалғастырып, құрылыс жұмыстарын сапалы түрде әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Бұл жобалар Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу, сақтау және логистикалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған.