АРЫСТА АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан облысының басшысы Нұралхан Көшеров кезекті жүздесуін Арыс шаһарында өткізді. Басқосуда елді мекен халқының түйткілді мәселелері сараланып, оларды еңсеру тәсілдері қарастырылды. Елді мекен тұрғындарымен дидарласу Мемлекет басшысының бұқарамен ашық сұхбат құрып, жұртшылықтың мұң-muжына жедел үн қосу туралы жүктеген міндеттемелері шеңберінде ұйымдастырылды.

Арыс – тоғыз жолдың торабындағы аймақтың тасымал-логистикалық әрі шаруашылық әлеуетінде маңызды орын алады. Бүгінде шаһарда әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері қаланың жалпы өңірлік өнімі 52,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 16,1 млрд теңгені құрады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд теңгеге жетіп, 13,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 23,9 млрд теңгені құрады. Аймақ жетекшісі Арыстың жоғары мүмкіндіктерін тиімді игеріп, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

 

Нұралхан Көшеров:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездесулерде азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, олардың шешілуіне нақты мән беруді тапсырды. Сондықтан бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарды баяндау ғана емес, тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей тыңдау. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Қай мәселені қандай мерзімде және қандай жолмен шешуге болатынын нақты айқындауымыз қажет, – деді

Алқалы жиында шаһардағы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да сөз болды. «Келешек мектептері» жобасы аясында Арыс қаласында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Өткен жылы «Отырар» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп де пайдалануға берілген.

«Барыс» тұрғын ауданында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, сатып алынды. Жиделі, Байырқұм, Көкжиде және Аққала елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етілді. Биыл Отырар-2 және Талдықұдық тұрғын аудандарын газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Басқосуда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың да есебі тыңдалды.

Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, ауызсу, газ, көркейту-көгалдандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты бірқатар түйткілдер көтерілді.

Өңір басшысы әрбір өтінішті тыңдап, жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне мәселелерді зерделеп, нақты шешу жолдарын ұсынуды жүктеді. Сонымен қатар өткен жылғы жүздесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. 2025 жылы тұрғындар тарапынан 14 мәселе көтеріліп, оның 12-сі орындалған, бір мәселе орындалу үстінде.

Атап айтқанда, Абдразақов көшесіндегі №45, 47 және 49 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшаларын орнату мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда жобаның жұмыстары басталды. Мердігер «BEREKE SE» ЖШС нысанды қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Облыс басшысы қала тазалығы мен абаттандыру мәселесіне де баса мән берді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге белсенді атсалысуға шақырды.

Алқалы жиын соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін тікелей облыс әкіміне жеткізді. Жеке қабылдауда тұрғын үй, жер, инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер және басқа да өтініштер қаралды.

Тұрғындардың әрбір өтініші бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, мәселелердің шешілу барысы бақылауда болады.