ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу көрсеткіштері сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Алқалы жиында тұрғындар өздерін мазалаған түйткілдерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Облыс жетекшісі көтерілген мәселелерді тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге кездесуге келген азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке тыңдап, арнайы қабылдау өткізді.
Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. 2026 жылдың 8 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 67,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,6 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,3 млрд теңгеге жетсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,6 млрд теңгені құрады.
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 28,6 млрд теңгені, сауда көлемі 5,3 млрд теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 26,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,9 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5 мың шаршы метрге жетті. Ауданда биыл Темір ауылындағы Темір станциясын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл Балтакөл, Маяқұм және Көксарай ауылдық округтеріндегі 7 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары басталды. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, аудан бойынша газбен қамтылған елді мекендер саны 29-ға жетіп, қамту деңгейі 78,4 пайызды құрайды.
Нұралхан Көшеров:
Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді.
Өңірде жол және инфрақұрылым түйткілдерін шешуге басымдық берілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 58,5 шақырым болатын 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан бойынша автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 87 пайызға жеткізу көзделген.
Сонымен қатар 11 елді мекенде балалар ойын алаңдарын салу, 19 елді мекенде көшелерді жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салу жұмыстары қолға алынған. Бір елді мекенде көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Басқосуда Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өңірдің өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Еркін форматында өткен дидарласуда халық білім беру, автомобиль жолдары, кәріз жүйесі, инженерлік инфрақұрылым, жер қатынастары және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әрбір сауал бойынша жауаптар беріліп, тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Жиыннан кейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері қаралып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.
