АРЫС ҚАЛАСЫНДА ФРАНЦИЯМЕН БІРЛЕСКЕН ЭЛЕКТРОВОЗДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПОСЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Түркістан аймағының басшысы Нұралхан Көшеров Арыс шаһарына іссапармен барып, бірқатар өндірістік ошақтарды шолып шықты. Жобаны бастаушы тараптармен жолығып, инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын көрді.

Алдымен аймақ басшысы Арыс-Шардара тасжолының бойында орын тепкен Қазақстан мен Франция мемлекеттерінің бірлескен электровоздарға сервистік қызмет көрсету орталығына аялдады.

Нұралхан Көшеров өндірістік нысанның өңірдегі теміржол саласының дамуына және жаңа жұмыс орындарын құруға қосатын үлесіне тоқталды. Жауаптыларға жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етіп, инвесторларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Жаңа кешен франциялық Alstom фирмасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы инвестициялық уағдаластық аясында орындалуда. Арыс шаһарындағы депо – еліміз бойынша бой көтеретін төрт сервистік орталықтың бірі.

Жобаны «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС іске асыруда. Құрылыс барысы 2025 жылы бастау алған. Жобаның инвестициялық бағасы 3,5 млрд теңгені құрайды. 2,9 гектар аумақта орналасқан ғимараттың көлемі – 4 100 шаршы метр. Орталықты жыл соңына дейін пайдалануға беру межеленген. Нысан жылына 2 мың электровозға сервистік қызмет көрсетуге қауқарлы. Жоба іске қосылғанда 50 жаңа жұмыс орны ашылады.