БАСПАНА ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ СҰРАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Аудан халқымен өткен кездесуден соң бірқатар тұрғын облыс басшысына өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдаған Нұралхан Көшеров әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмау қажеттігін атап өтті.

Қабылдау барысында облыс әкімі тұрғындардың барлығын тыңдап, айтылған мәселелерді тиісті сала жетекшілерімен бірлесе талқылады. Жекелеген өтініштер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеліп, бірқатар мәселе бақылауға алынды.

Тұрғындар тарапынан баспана, жер қатынастары, инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағыттарына қатысты өтініштер айтылды.

Нұралхан Көшеров азаматтардың өтініштерін қарау барысында мәселені тыңдаумен шектелмей, оның нақты шешімін қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Осыған орай жауапты басшыларға әрбір өтінішті заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерделеп, тұрғындарға нақты әрі түсінікті жауап беруді тапсырды.