ЕРІКТІЛЕР ӨЗ ЕРКІМЕН

Су тасқынына қарсы іс шараларға 43 мың волонтер жұмылды деп хабарлайды еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

43 мыңнан аса еріктілер күшімен 6640 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналып, оның 4048 тоннасы «қызыл» аймақтарға жеткізілді және зардап шеккен халыққа таратылған. Олардың күшімен эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинауға және таратуға, бөгеттерді күшейтуге және ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысып, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілген.

Ақтөбе волонтерлердің көмегімен 308 тонна азық-түлік, 85 тонна азық-түлік емес қажетті тауарлар және 223 килограмм дәрі-дәрмек эвакуациялық пункттерге бөлініп, 10 мыңға жуық құтқарушы мен эвакуацияланған тұрғындарға ыстық тамақ берілген.

Атырау облысында еріктілер штабы шұғыл режимде жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының алдын алуға қарсы жұмыстарға 13 мыңнан астам волонтер жұмылған. Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінде 1390 тоннадан астам тауарлар мен заттар жиналған.

Сондай-ақ, Атырау қаласында бөгет күшейту үшін 107 пункт орнатылған. Бұл жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде.
Еріктілер мен ауыл тұрғындарының бастамасымен тасқын судан сақтану шаралары жасалып жатыр. Газ құбырлары мен электрмен жабдықтау сияқты инфрақұрылымдық объектілерді қорғауға ерекше назар аударылды.

Ал, Батыс Қазақстан облысында құтқару жұмыстарына 8000 волонтер қатысып, көмек жинау пункттерінде 415 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Қостанай облысында 3500-ден астам волонтер азаматтарды эвакуациялау және гуманитарлық көмек пункттерінің жұмысына қатыспақ ниетте. Шымкентте 1500-ге жуық ерікті жұмылдырылып, олардың бір бөлігі зардап шеккен өңірлерге жол тартқан.