ДЕМАЛЫСТА ДЕМАЛМАЙ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз бойынша тазалық науқаны жүріп жатыр. Десе де мемлекет басшысы бұл істің науқангершілікпен шектеліп қалмайтынын қоса айтты. Әсіресе су ағатын сай, арық, каналдар тазартылуы тиіс. Оның бәрі адамдардың ұқыпсыздығынан да ластанады.

Бүгін, 1 мамыр Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесіне орай демалыс болса да, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы өзі бастап, Сарапхана ауылында өткен тазалық акциясына қатысты.

“Өнегелі ұрпақ” деп айдар тағылған сенбілікке облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішев, Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмайлов, облыстық мәслихат депутаттары Н.Әжіметов мен Н.Аширов қатысты.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында “Мәңгілік ел” саябағына гүл отырғызылып, ағаш көшеттердің түптерін қопсыту, ақтау және шөптерін ору жұмыстары атқарылды.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы барша өңір тұрғындарын республикалық акцияға белсене қатысуға шақырды. “Әр бір ел тұрғыны өз ауласынан бастап, туған жерімізге жанашырлық танытып тазалық жұмыстарын жасайық. Аталмыш акция тоқтаусыз жалғасатын болады. Таза Қазақстан-таза қаладан, ал таза қала-таза ауылдан басталады. Демек, әрбір азамат шараға өз үлесін қосып, жұмыла атсалысуымыз тиіс,- деді.

Өңірдегі сенбіліктерде халық қалаулылары да белсенділік танытып, жер-жерде сайлаушыларымен бірге тазалыққа атсалысып, өскелең ұрпаққа үлгі болуда.