ТҮРКІСТАНДА АРТАДЫ

Түркістанда балалар мен спорттық ойындарға арналған алаңшалардың саны артады. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкім сағатында Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі атқарған жұмыстардың есебі тыңдалды. Бөлім басшысы Ержан Исмайловтың айтуынша, былтыр көтерілген 424 мәселенің 418-і шешімін тауып, 6 тапсырма орындалу үстінде.

Шаһардың жаңа тұрғын үйлер салынған аумақтарындағы 1500 абонентке газ құбырын тарту бойынша ЖСҚ әзірленіп, сараптамаға ұсынылған. Вокзал аумағы  абаттандырылып жатыр.

Сол сияқты, сапалы электрмен қамту бойынша өткен жылдан өтпелі 1 нысанның жұмысы аяқталып келеді. Атап айтқанда, Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, М.Абенов, Төле би, Н. Төреқұлов, Н. Тыныштықұлов көшелері бойында 10-0,4 кВ кабель желілерін салу 90 пайызға атқарылып, тағы  3 нысан қаржыландыруға ұсынылған.

«Ыждыхат» тұрғын алабы кварталішілік сарқынды су жүйесі құрылысының 2-кезеңін, «Ортақ» тұрғын алабына кәріз желісін салу 1-кезеңін, «Шауғар» тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету 2-кезеңін «Taimas » ЖШС атқаруда. Мұнда 9 бригада, 18 техника жұмылдырылған.

«Бірлік» тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы «Нурай-Строй» ЖШС тарапынан 4 бригада, 12 техниканың күшімен жүзеге асуда. Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы тұрғын алапты сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысын «Қызмет» ЖШС жүргізуде. 5 көшеде 7 бригада 17 техника қазба жұмыстарын бастады. «Бекзат» мөлтек ауданының кәріз жүйесін жүргізу мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС міндеттелген. Қазір 10 техникамен 7 бригада жұмыс істеп жатыр.

№1,2 мөлтек аудандар және «Ремзауыт» аумағындағы ауыз су құбырларын қайта жаңғыртуға 3 бригада 4 техника тартылған. Жаңа су жүйесіне қосу жұмыстары Мұсабеков көшесінде басталды. Сонымен қатар, 56 шақырым ауыз су құбыры қысымдаудан өткізілуде.

Биылға жоспарланған 16 балалар және спорт алаңшалары салынып жатыр. 1 алаңшаның құрылысы 10-мамырдан кейін басталады.

Жиын барысында ұйымдастыру-инспекторлық бөлім мамандары қала аумағындағы құрылыс алаңдарын аралап, анықталған кемшіліктерді қала әкімінің назарына ұсынды. Нұрбол  Тұрашбеков жауаптыларға мердігерлердің жұмысын қадағалап, кемшіліктерді жоюды тапсырып, нысандарды кестеден кешіктірмей тапсыруға мерзім белгіледі.